Елордадағы Орталық саябақта Халықаралық балаларды қорғау күні аясында «Астана балалары» атты іс-шара өтті. Онда балалар мен ата-аналар үшін түрлі тренингтер мен кеңестер ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Балалар үшін саябақта тренингтер мен ойындар өткізілді, олардың нәтижесінде қатысушыларға мотивациялық сыйлықтар табысталды.
«Бұл акцияның ұйымдастырылуы өте ұнады. Балаларға арналған көптеген пайдалы әрі қызықты ойындар бар. Ойындарға аса қызығушылықпен қатысып, соңында сыйлықтармен марапатталуы балалардың қуанышын еселей түседі. Бүгінгі мерекеде балам ерекше әсерге бөленді, сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз», — деп әсерімен бөлісті елорда тұрғыны Мадина Шаханова.
Ата-аналар үшін арнайы кеңес беру аймағы дайындалды. Онда олар елордалық Психологиялық қолдау орталығының психологтарымен сөйлесе алады.
«Бүгінгі тамаша мерекені елордалықтар үшін пайдалы шаралармен ұштастырдық. Балалардың дамуына әсер ететін, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін ойындар мен тренингтерге қатысып жатқанда, ата-аналар біздің психологтар тобынан кеңес алып жатыр. Бұл кеңестер бала қызығушылығы мен қабілетін, мінезін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, ата-аналар балаларына экспресс-диагностикадан өтуге мүмкіндік ала алады», — деді Астана қалалық Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Гүлмира Қапанова.
Іс-шараны қалалық Білім басқармасы мен Психологиялық қолдау орталығы ұйымдастырды.