Елордадағы «NS Street Life» Колизейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Толағай» спорт жарыстары өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Алматы ауданының әкімдігі мен аудандық полиция басқармасы, сондай-ақ қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Жарысқа Алматы ауданының көпбалалы отбасыларынан құралған 15 команда қатысуда.
«Балалардың жасы – 6-дан 12 жасқа дейін. Бір отбасынан төрт адам – әке, ана және екі бала қатыса алады. Сайыстар 11 спорт түрінен өтіп жатыр. Сонымен қатар интеллектуалды және логикалық байқаулар да бар. Мұнда тек физикалық дайындық қана емес, отбасы мүшелерінің бір-бірін түсінісуі, команда болып жұмыс істеуі маңызды. Жалпы, бұл іс-шара отбасылық құндылықтарды нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», – деді Алматы ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің маманы Аида Серікқызы.
Қатысушылар дайындық деңгейінің жоғары екенін, мерекелік көңіл-күй мен мұндай шаралардың отбасы бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Өте әдемі мереке, керемет әсер алдық. Отбасымызбен келдік, үшеуміз қатыстық. Мұндай шаралар отбасының бірлігін, татулығын нығайтуға көмектеседі. Балам үшін бұл да пайдалы деп ойлаймын: ол өзін үлкен, тату отбасының бір мүшесі ретінде сезінеді», – дейді қатысушы Айгерім Сұлтанғазы.
Іс-шара соңында қатысушыларға Алматы ауданы әкімінің атынан алғыс хаттар мен демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтар табысталады.