Astana Half Marathon: 30-дан астам елден арнайы марафоншылар қатысты

Astana Half Marathon: 30-дан астам елден арнайы марафоншылар қатысты

Астанада жүгіруден ауқымды іс-шара Astana Half Marathon төртінші мәрте өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада өткен жартылай марафонға рекордтық 8 мың адам қатысты. Жарысқа қатысу үшін Астанаға еліміздің барлық өңірінен және 30-дан астам елден арнайы марафоншылар келді.
Биылғы бәсекеде қатысушылар 10, 21 шақырым, 10 шақырымға скандинавиялық жүріс, 21 шақырымға эстафета сайысында сынға түсті. Олардың арасында 2026 жылғы Милан және Кортина-д'Ампеццо қысқы Олимпиадасының лицензия иегерлері, шаңғышы Надежда Степашкина, Наиль Башмаков сынды белгілі спортшылар да жүгірді.

Astana Half Marathon-ның осы жолғы жүгірісінің басты ерекшелігі – жүгіру маршруты ауысты. Әуесқой спортшылар стартты Тәуелсіздік алаңынан бастап, «Арқар» және Сығанақ-Мәңгілік Ел көпірлері арқылы мәреге жетті. Жол бойында олар қаланың ең сәулетті жерлері саналатын «Ақорда», Есіл жағалауы, «Бәйтерек», Abu Dhabi Plaza және EXPO нысандарының жанынан жүгіріп өтті.

Жарыс жеңімпаздары:
10 км. Ерлер
1-орын. Рақымжан Келманов – 30:52;
2-орын. Әлімжан Балтабек – 31:54;
3-орын. Дилмурод Хужамов (Өзбекстан) – 31:59.
10 км. Әйелдер
1-орын. Виктория Сергеева – 35:28;
2-орын. Эльвира Тахауова – 37:03;
3-орын. Диана Ержанова – 37:28.
21.9 км. Ерлер
1-орын. Виталий Шафар (Украина) – 1:05:23;
2-орын. Нодирбек Муталипов (Өзбекстан) – 1:06:19.
3-орын. Бекзод Бойматов (Өзбекстан) – 1:06:42.
21.9 км. Әйелдер
1-орын. Дана Айдосова – 1:17:44;
2-орын. Екатерина Тунгускова (Өзбекстан) – 1:18:31;
3-орын. Елена Толстых (Ресей) – 1:19:46.

«Әлемнің барлық құрлықтарында жүгіріп шықтым десем де болады. Тіпті 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, марафонда 29-орынға табан тірегенмін. Енді осы естеліктердің қатарына Astana Half Marathon қосылды. Кеше ғана Қырғызстандағы жартылай марафонда 2-орын алып едім. Міне, енді бүгін Астанадағы жартылай марафонда топ жардым. Ауа райы өте қолайлы болды. Киев пен Астанадағы жүгіру алаңын біріктіретін бір дүние бар екен. Ол – Тәуелсіздік монументі. Бізде де старт дәл Тәуелсіздік монументінен басталады. Жарысқа келетін болсақ, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Әрқашан жеңемін деп шығамын. Сол мақсатым орындалды», - деп жартылай марафонда топ жарған украиналық Виталий Шафар эмоциясымен бөлісті.

Мәреге жеткен қатысушылар естелік медальға ие болды.