Нашақорлыққа жол жоқ: елордада наркограффитиға қарсы акциялар жалғасуда

Нашақорлыққа жол жоқ: елордада наркограффитиға қарсы акциялар жалғасуда

Елорданың Сарыарқа ауданында «Заң және тәртіп» қағидаты және нашақорлықпен күрес айлығы аясында тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жасырын жазбаларды, яғни наркограффитилерді анықтап, жою бойынша кезекті рейд өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Шараға аудандық прокуратура, полиция басқармасы, аудан әкімдігі өкілдері және еріктілер қатысты. Бірлесе әрекет еткен қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғалары мен подъездерін, қоғамдық кеңістіктерді ондаған зиянды жазбалардан тазартты.

«Бұл бастамалар тек алдын алу шарасы ретінде ғана емес, қоғамда есірткі мәдениетіне деген теріс көзқарасты қалыптастыру үшін де маңызды. Ең бастысы бұл жұмысқа бейжай қарамайтын қала тұрғындары мен еріктілердің белсенді қатысуы қуантады. Жыл басынан бері 340-тан астам осындай жазбалар жойылды», — деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің маманы Дамир Хисматуллин.

Айта кету керек, рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Негізгі мақсат қала кеңістігін және жастарды есірткі бизнесінің теріс ықпалынан, зиянды насихаттан қорғау.