Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында спортшылар қала тұрғындарына темекі өнімін спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін осы мақсатта Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен спортшылар, атап айтсақ, кикбоксингтен әлем чемпионы Арсен Сойырқас, ашихара каратеден әлем чемпионы Абдулла Мусин, ашихара каратеден Азия чемпионы Махмет Эмирхан тұрғындарды зиянды әдеттен арылуға үгіттеді.
«Бала кезден спортпен шұғылданғандықтан, өмір сүру қалпымыз жүйеге қойылған. Темекі мен вейп өнімдерін тұтыну жастардың арасында бос уақыттың көп болуынан деп ойлаймын. Міне, осы орайда біз зиянды заттарды шахмат, бокс қолғабы сынды жабдықтарға айырбастауды ұсындық. Жолыққан кісілердің өздері бұндай акцияға алғаш рет тап болғанын айтып, таңданыстарын білдірді», - деді кикбоксингтен әлем чемпионы Арсен Сойырқас.
Айта кетейік, бұндай акциялар бұған дейін Mega, Keruen City сынды ірі сауда орталықтарының маңында өткізіліп, алдағы уақытта қайта жалғасады.