Астанадағы аулалардың бірінде республикалық «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мұндай шара бұған дейін Сарыарқа ауданында өткен болатын, кейіннен эстафета елорданың Нұра ауданына тапсырылды.
«Іс-шараның өткізілу орнын таңдауда да мән-мағына бар – тұрғындар балаларына арнап мереке ұйымдастыруды өтінді. Бұл оқиға тек отбасыға арналған маңызды үндеуді жеткізіп қана қоймай, көршілерді де бір-біріне жақындата түседі», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова.
Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметованың айтуынша, зорлық-зомбылық – бұл тек физикалық ауыртпалық емес, ол үй ішіндегі жылулық пен махаббатты бұзатын әрекет.
«Егер сіз зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Құқық қорғау органдарына, әлеуметтік қызметтерге жүгініңіз. Тек бір-бірімізді қолдай отырып қана біз қауіпсіз әрі бақытты қоғам құра аламыз», – деп шақырды ол.
Іс-шара аясында қатысушылар махаббаттың, бірліктің және отбасылық дәстүрлердің символы ретінде гүл мен ағаш отырғызды. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
«Ұйымдастырушыларға зор алғыс. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен дейміз. Қазір балалардың демалысы басталды, ал оларды қызықты іспен айналыстыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Ұлым ойындарға қуана қатысты. Мұндай шаралар балаларды қуантып қана қоймай, ауламызды да тату етеді», – деді тұрғын үй кешенінің тұрғыны Салтанат Қалижанова.
Полиция қызметкерлері мен ауланың тұрғындары игі істер эстафетасын келесі аудан – Алматыға жолдады.