Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратының жанындағы Гүл бақшасында «Классиктер таза қала үшін!» атты театрлық экологиялық акция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Театр актерлері орыс әдебиетінің көрнекті классиктері – Александр Пушкиннің, Максим Горькийдің, Антон Чеховтың және Николай Гогольдің бейнесінде театрландырылған перформанс ұсынды.
Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтті.
Актерлер көркем монологтар мен импровизациялар орындап қана қоймай, жолай өтіп бара жатқан тұрғындармен интерактивті әңгіме жүргізіп, экология мен қоғамдық орындардағы мәдени тәртіп тақырыптары бойынша сұрақтар қойды. Дұрыс жауап берген қатысушыларға театр қойылымдарына шақыру билеттері табысталды.
«Біз үшін мұндай акцияға қатысу – жай ғана өнер көрсету емес, ұлы классиктер атынан көрерменге үндеу жасау және қарапайым, бірақ маңызды нәрселер туралы еске салу мүмкіндігі. Қаланың тазалығы – бұл біздің мәдениетіміздің, өзімізге және айналамыздағы әлемге деген көзқарасымыздың айнасы. Өнер – адамдарды тартуға, шабыттандыруға және ойлау жүйесін өзгертуге қабілетті. Егер перформанстан кейін бір адамда болсын ой қалса, демек, біз ашық аспан астындағы сахнаға бекер шықпадық», — деп өз әсерімен бөлісті Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері, Антон Павлович Чехов рөлін сомдаған Дмитрий Маштаков.
Іс-шара экологиялық мәдениетті арттыруға, қоғамдық кеңістіктің тазалығы мәселелеріне назар аударуға және театр өнері арқылы мәдени құндылықтарды насихаттауға ықпал етті.
ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие
#чистаястрана #экология