Астанада 29-30 мамыр күндері өңірдегі ең ірі іскерлік оқиғалардың бірі – Astana International Forum (AIF) 2025 өтеді. Форум әлемдік көшбасшылардың, сарапшылардың, инвесторлар мен бизнес өкілдерінің басын қосады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 600 шетелдік қонақ қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында жетекші саясаткерлер, халықаралық ұйымдар мен корпорация басшылары, инвесторлар және ғылыми орта өкілдері бар.
Форумның өткізілуіне байланысты Астанада бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Мына учаскелердегі жолдар жабылады:
• Анадолы көшесі (бір бағытымен) – Г.Әлиев көшесінен Ақмешіт көшесіне дейін;
• Г.Әлиев көшесі (бір бағытымен) – Анадолы көшесінен Н. Балғымбаев көшесіне дейін;
• Ақмешіт көшесінде ресми кортеж қозғалысы кезінде уақытша шектеулер қойылады.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жол қозғалысын ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескере отырып, өз бағытын алдын ала жоспарлауы қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында жол бойына уақытша жол белгілері мен нұсқағыштар орнатылады.