Рейдтер, спорт және ағарту саласы: Астанада нашақорлыққа қарсы айлық басталды

Рейдтер, спорт және ағарту саласы: Астанада нашақорлыққа қарсы айлық басталды

Қазіргі уақытта елордада 908 адам психоактивті заттарды тұтынуға байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылулармен психиатр-наркологтың динамикалық бақылауында тұр. Қаладағы қазіргі жағдай және нашақорлықпен күрес туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметіндегі брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан бері елордада 122 адам стационарлық жағдайда ерікті түрде нашақорлықтан емделген, олардың 25,4%-ы медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткен.
«Кейбір есірткі түрлері бір-екі рет қолданғаннан кейін-ақ тәуелділік тудыра алады, ал бұл проблеманы күрделендіре түседі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ахуал нашарлап кетті. Сондықтан нашақорлыққа қарсы күрестің қазіргі әдістері есірткі құралдары туралы, тәуелділіктің ерекшеліктері мен салдары жайлы шынайы әрі ауқымды ақпарат тарату шараларын қамтуы тиіс. Бүгін біз Астанада нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы Халықаралық күрес күніне арналған айлықтың басталғанын жариялаймыз. Айлықтың мақсаты – қоғам назарын осы мәселеге аудару және алдын алу шараларымен барынша көп тұрғынды қамту», — деді спикер.

Айлық аясында қалада салауатты өмір салтын насихаттауға және осы бағыттағы сауаттылықты арттыруға бағытталған рейдтік акциялар, спорттық, мәдени және ағартушылық іс-шаралар өтеді. Ерекше назар жастармен жұмыс істеуге аударылады – бұл ең осал санат болып саналады.