Астанада 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа және есірткі айналымының заңсыздығына қарсы күрес күніне орай ресми түрде нашақорлыққа қарсы айлық басталды. Қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы қаланың Коммуникациялар қызметіндегі брифингте жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айлықтың негізгі мақсаты – қоғамды біріктіру және нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін жүзеге асыру. Бұл шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың осы бағыттағы сауатын арттыруға және балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау мақсатындағы алдын алу жұмыстарына қатысудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпаққа үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың борышы. Алдын алу – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестегі басты құрал», – деді спикер.
Жыл басынан бері елордада 525-тен астам есірткі құқықбұзушылығы тіркеліп, заңсыз айналымнан 100 килограмнан астам есірткі тәркіленген. Бұл – миллиондаған бір реттік дозалар.
Ауқымды айлықты өткізу барлық азаматты, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен жастарды да қамтитын алдын алу іс-шараларының аясын кеңейту қажеттілігімен байланысты. Қалада есірткіні тұтынудың алдын алу бойынша өзекті және түйткілді мәселелерді талқылауға арналған семинар-кеңестер, пікірталастар, дәрістер мен кездесулер өтеді. Оларға педагогтар, психологтар, педиатрлар және ата-аналар қатысады.
«Бұл іс-шаралар 27 мамыр мен 27 маусым аралығында өтеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кеше ғана жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушыларына үндеу жасағым келеді. Дәл осы кезеңде интернет пен әлеуметтік желілерде жоғары табыс пен жеңіл ақша табу туралы адам қызығарлық жарнамалар жиі кездеседі.
Абай болыңыздар: мұндай жарнамалардың астарында есірткі тасымалдаушы, есірткі жасырып кетуші болуға, есірткіні насихаттауға бағытталған заңсыз әрекеттер жатады. Бұл – тек денсаулыққа қауіпті ғана емес, бұл – қылмыс.
Полиция департаменті еске салады: есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап қарастырылады. Жаза – ең қатаң түрде, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін барады», – деп ескертті Әлия Қибатқызы.