Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өтеді

Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өтеді

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде 24-30 мамыр аралығында ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресі түрлерінен Қазақстан кубогы өтеді, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.

Турнирге еліміздің барлық өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларынан шамамен 1000 палуан қатысады. Астананың атынан жарыста еркін күресте 20, грек-рим түрінен 15 және әйелдер арасында 6 палуан қатысады.

Биылғы турнирде Қазақстанды халықаралық ареналарда танытқан танымал спортшылар да өнер көрсетеді. Жарыстың негізгі мақсаты – алдағы әлем чемпионаттарына қатысуға үміткер болатын ұлттық құрама спортшыларын іріктеу.
Іс-шара бағдарламасы:
24 мамыр, сағат 10:00 – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы («Qazaqstan» спорт кешені);
24 мамыр, сағат 17:30 – жарыстың салтанатты ашылуы.

Ашылу рәсімінен кейін палуандар бірден жарысқа шығады.

25-30 мамыр аралығында жекпе-жектер күн сайын сағат 10:30-да басталады.
Көрермендер үшін кіру тегін.

Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігі Астана әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.