Елордада спортшыларды медициналық сүйемелдеуді жақсарту жобасы аясында жаттықтырушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Оқытуды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық Спорттық медицина орталығы бірлесіп ұйымдастыруда. Курстарға Астанадағы спорт мектептері мен кешендерінің шамамен 700 жаттықтырушысы қамтылады.
Оқытудың мақсаты – жаттықтырушылардың жаттығу және жарыс кезінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларда нақты әрекет ету дағдыларын қалыптастыру.
Қатысушылар жарақат, сүйек сынуы, қан кету кезінде алғашқы көмек көрсету ережелерін меңгеріп, жүрек-өкпе реанимациясы бойынша практикалық жаттығудан өтеді.
«Бұл білім – жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсету үшін өте маңызды. 14 мамырдан бастап теориялық және практикалық сабақтар басталды, қазіргі таңда №1, №5, №7, №9 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері және «Даулет» МКҚК-дан 140-тан астам жаттықтырушы оқытудан өтіп, сертификат алды. Бір топта 20-25 адам, ал күн сайын шамамен 60 адам оқиды. Курс биылғы маусым айының соңына дейін жалғасады», – деді қалалық Спорттық медицина орталығының басшысы Азамат Нұрматов.
Бір күнде 85 жаттықтырушы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің қызметкерлері оқытудан өтті. Практикалық сабақтар «Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылды.
«Бүгін біз алғашқы көмек көрсету курстарынан өттік. Әсіресе, реанимацияға қатысты бөлім өте пайдалы болды. Тыныс алу немесе жүрек тоқтаған сәттегі әрекетті білу – өте маңызды. Сондай-ақ біз жәндік шағуы мен аллергиялық реакциялар кезіндегі әрекеттерді қарастырдық. Қазіргі таңда аллергиямен ауыратын балалар көп болғандықтан, бұл өте өзекті», – деді №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әйелдер бөлімінің аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова.