Астана қаласындағы №111 мектепте «Жарқын болашаққа қадам» атты алғашқы салтанатты Триумф балы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Бұл оқу орны 2024 жылдың қыркүйегінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Биыл мектеп 11-сыныпты тәмамдаған 55 оқушыны ұясынан ұшырды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тек физикалық жағдай мен материалдық-техникалық база ғана емес, сонымен қатар оқушылардың рухани, әлеуметтік және психологиялық дамуына жағдай жасайды. Бүгінгі іс-шара оқушыларға рухани құндылықтарды сіңіруде маңызды рөл атқарады. Ол веналық бал стилінде өтіп, балалар өз таланттарын паш етуде», — деді мектеп директоры Дана́ра Жұмартова.
Іс-шара халықаралық, республикалық және қалалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарын марапаттауға арналды. Солардың бірі – №111 мектептің «Алтын белгі» иегері Назерке Айтбайқызы.
«Осындай заманауи мектептің алғашқы түлегі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осы жыл ішінде оқушылар да, мұғалімдер де үлкен еңбек етті. Өзім «Астананың үздік жүргізушісі» байқауында гран-при иегері болдым, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен олимпиадаларда жеңіске жеттім», — деді Назерке.
Кеш қонақтары қатарында Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, Әдістемелік орталық басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев және Қамқоршылық кеңестің мүшелері болды.
Кештің басты сәті мына номинациялар бойынша құрметті марапаттарды табыстау болды:
• «Зерделі оқушы – 2025»;
• «Ғылым шамшырағы – 2025»;
• «Спорт жұлдызы – 2025;
• «Спорт көшбасшысы – 2025»;
• «Үздік ата-ана – 2025»;
• «Үздік Қамқоршылық кеңес мүшесі – 2025».