Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес қалай жүргізіледі және олардың құқығы қалай қорғалады

Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес қалай жүргізіледі және олардың құқығы қалай қорғалады

Елорданың Коммуникациялар қызметінде Астана қаласының прокуратурасының аға прокуроры Азамат Тоқтарбайдың қатысуымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Прокурор өз сөзінде өзекті мәселелерді атап, жасөспірімдер жасаған нақты қылмыстарға тоқталып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы прокуратураның рөлін түсіндірді.

Прокурордың мәліметінше, биыл елордада 101 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыстардың сипаты әртүрлі: ұрлық, тонау, есірткі тасымалы, тіпті кісі өлтіруге оқталу да тіркелген. Ал 2024 жылы 100-ден астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

«Ең резонансты істердің бірі – кәмелетке толмаған азамат Telegram мессенджері арқылы Тайландтан марихуана есірткі затын тапсырыспен алып, оны халықаралық пошта арқылы қабылдап, жалдамалы пәтерде сақтаған. Тінту кезінде 1 келіге жуық есірткі тәркіленген. Бұл Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес «ірі мөлшер» деп саналған. Нәтижесінде сот кәмелетке толмаған азаматты 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Тағы бір ауыр қылмыс 2024 жылдың мамыр айында болды. Кәмелетке толмаған бозбала қызға қызғаныштан шабуыл жасап, өміріне қауіп төндірген. Ол алдын ала аңшы пышағын және қолғап алып, бейнебақылауы жоқ алаңға қызды алдап шақырған. Сот шешімімен оған 5 жыл 7 ай жаза кесілді», - деп спикер мысал келтірді.

Сондай-ақ брифингте жасөспірім қыздардың ұжымдық тонау фактілері, футбол алаңында ұялы телефон ұрлығы, мектепке «жарылғыш қойылды» деген жалған хабарлама жіберу сияқты өзге де қылмыстар туралы айтылды. Бұл мысалдар жасөспірімдер арасында қылмысты саналы түрде жасау деңгейі өсіп отырғанын көрсетеді.

Прокуратура өкілдері ата-аналар мен мұғалімдерге Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертті. Бұл – кісі өлтіру, зорлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, есірткі өткізу және контрабанда сынды ауыр қылмыстарға да қатысты. Мысалы:
* Есірткі сату (ҚР ҚК 297-бабы) – 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
* Контрабанда (ҚР ҚК 286-бабы) – өмір бойына бас бостандығынан айыру;
* Адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы) – өмір бойы немесе ұзақ мерзімге.

«Прокуратураның мақсаты – тек жазалау емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Аталған бағыттағы жұмыстар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жүргізілетінін айтты. Бұл жұмыстың құқықтық негізін «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң, «Бала құқықтары туралы» заң және ҚР Конституциясының 27-бабы құрайды. Мектептерде құқықтық сабақтар өткізу, қолайсыз отбасылармен жеке жұмыс жүргізу, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия отырыстарына қатысу және педагогтармен, әлеуметтік қызметкерлермен, ювеналды полиция инспекторларымен бірлескен жұмыстарды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Басты мақсат – құқық бұзушылық болмай тұрып, тәуекел факторларын анықтап, жою», - деді прокурор.

Жасөспірімдерді құқық бұзушылыққа итермелейтін факторлар алдын ала анықталып, жойылуы қажет екенін де қозғап өтті. Оларға: қолайсыз отбасылық орта, ата-аналық бақылаудың болмауы, бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы, көше ықпалы және интернеттегі деструктивті контентке қолжетімділік жатады.