Қазақстанда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл күні өмірін өнерге арнаған жандарға құрмет көрсетіледі. Осындай мекемелердің бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Театр 1999 жылдың қаңтарында кәсіби хореографтар Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтардың бастамасымен құрылды. Ұжым құру идеясы ресми ашылуынан әлдеқайда бұрын пайда болған. Алматы хореография училищесінде (қазіргі А.В. Селезнёв атындағы училище) оқып жүрген кезінде-ақ Еркебұлан Мүлікұлы өз би ансамблін құруды армандаған. Ол Қазақстанда ұлттық мәдениеттің беткеұстар кәсіби ұжымын қалыптастыруды мақсат тұтты.
Осылайша кейіннен «Наз» деп аталған театрдың негізі қаланды. Бұл атау «нәзіктік», «әсемдік», «сезімталдық» деген мағынаны білдіреді.
«Алғашқы үлкен биіміз – Жұбаниязовтың музыкасына қойылған «Серпін» болды. Бұл салтанатты, мерекелік би еді. Есімде, мен бір бөлмеге кетіп, жұбайым басқа бөлмеде қалатын. Ол әйелдер партиясын, мен ерлер партиясын әзірледім. Алғашқы қойылымдарымыз осылай туындады», – деп еске алады театрдың негізін қалаушы.
Бүгінде «Наз» мемлекеттік би театры – елордадағы ірі шығармашылық ұжым. Мұнда 130 қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 65 әртіс бар. Театр труппасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері мен «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді.
Еркебұлан Ағымбаев – Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының директоры. Оның жұбайы Хадиша Ермекбайқызы – театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Театрдың басты миссиясы – ұлттық фольклорды насихаттау, қазақ халық биін дамыту және қазақ мәдениетін ел ішінде де, шетелде де кеңінен таныту.
Ширек ғасыр ішінде театр труппасы Нидерландтағы (Worldfestival Parad Brunssum және Warffum), Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай және өзге де елдердегі халықаралық фестивальдерге қатысты. Өткен жазда ұжым 45 күндік гастрольдік сапармен Еуропаны аралап, Италия, Испания, Франция және Швейцария елдерінде өнер көрсетті. Сонымен қатар театр 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарына, 2011 жылы Астанада өткен VII Қысқы Азия ойындарына және EXPO-2017 халықаралық көрмесіндегі концерттік бағдарламаларға белсенді қатысқан.
Театр репертуарында қазақ мифологиясы, фольклоры, эпостары мен заманауи тақырыптарға негізделген қойылымдар бар.
Бүгінде «Наз» мемлекеттік театры – заманауи қазақ сахна өнерінің жарқын символына айналған.