Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Астананың кәсіби-техникалық колледжінде Jastar Talks форматы бойынша кездесу өтті. Қонақ ретінде Қазақ ұлттық музыкалық-драмалық театрының киім суретшісі Ақбота Қапсалаң қатысты. Ол колледж студенттеріне өз жұмысының ерекшеліктері мен еңбек жолы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Жұмысымды студенттік шақтан бастадым. «Қазақстан дауысы» жобасы жүріп жатқан кезде басты стилистке өз шығармашылық жұмысымды олардың командасында сынап көргім келетіні туралы жаздым. Жоба барысында өнерпаздармен сахналық кейіпкерлерді дайындау үстінде жұмыс істедім, кейінірек – өнерпаздарды концерттерге, клиптерге, жарнамаларға дайындауға атсалыстым», – деді Ақбота Қапсалаң.
Оқу бітіргеннен кейін Қазақ музыкалық-драмалық театрына киім суретшісі ретінде жұмысқа қабылданған.
«Әрбір қойылымға біз режиссер және қоюшы-суретшімен бірге дайындаламыз. Спектакльді талқылаймыз, егер ол тарихи бағытта болса немесе қазіргі заманға сай болса – сол кезеңге сәйкес киімдерін таңдаймыз. Әрқайсымыз сахналық бейнелерді жасауда өз үлесімізді қосамыз. Кейін мата таңдау, костюм тігу және өнерпаздардың оларды өлшеуі кезеңі келеді», – деп атап өтті Ақбота Қапсалаң.
Киім суретшілері сахналық өнердің жасалуында маңызды рөл атқарады, алайда көп жағдайда сахна сыртында, жұрттың назарынан тыс қалып жатады.
Іс-шараны «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – мәдениет саласындағы әрбір мамандықтың маңыздылығын көрсету және студенттерді шығармашылық жұмысқа қызықтыру.
Ақбота Қапсалаң студенттерге мамандық таңдау бойынша кеңесін айтып өтті.
«Мамандықтар нарығын зерттеңіздер, не істей алатыныңызды ойланыңыздар, немен айналысқыңыз келетінін шешіңіздер және сол үшін қажетті дағдыларды меңгеріңіздер. Мысалы, өзім қандай мамандық таңдайтынымды білмейтінмін. Бірақ үнемі киім-кешекті, сол сияқты әдемі нәрселер ойлап табуды жақсы көретінмін. Киім дизайнері деген мамандық бар екенін білгенде, осы салада өзімді сынап көргім келді. Міне өмір жолым осы бағытта жалғасып келеді», – деді ол.