Астаналық Төтенше жағдайлар департаментінің базасында жас құтқарушылар арасында қалалық жарыстар өтті. Іс-шараға елордадағы барлық ауданнан келген мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық кезеңге әр ауданнан бір-бір командадан, барлығы алты команда қатысты.
«Мұндай жарыстар тек Астанада ғана емес, бүкіл республика бойынша өткізіледі. Олар он жылдан астам уақыттан бері ұйымдастырылып келеді. Мамыр айының басында қаланың әр ауданында жас құтқарушылар арасында іріктеу жарыстары өтті. Енді ең мықтылары қалалық деңгейде бақ сынап жатыр. Бірінші орынды иеленген команда маусым айында Көкшетауда Азаматтық қорғау академиясының базасында өтетін республикалық жарысқа жолдама алады», - деді Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау капитаны Бауыржан Ахметалин.
Жарыс бағдарламасына тақырыптық қабырға газетін дайындау, алғашқы медициналық көмек көрсету, жауынгерлік жаю, өрт эстафетасы, жартаста өрмелеу, сондай-ақ судағы іс-қимылдар кірді – қатысушылар құтқару шеңберін нысанаға лақтырып, дағдыларын көрсетті.
8-9 сынып оқушылары ептілік пен жылдамдық бойынша жарысты: өрт сөндіру шлангаларын жылдам жаю, кедергілерден өту және зембілмен жүгіру сынды тапсырмаларды орындап, нағыз құтқарушылардай әрекет етті.
Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең Астана қаласы ТЖД аумағында өтті. Екінші кезең – жедел-құтқару жасағының базасында өтіп, онда оқушылар судағы көмек көрсету дағдыларын паш етті.
«Бүгінде статистикаға сүйенсек, ең көп зардап шегетіндер – 3 пен 12 жас аралығындағы балалар. Бұл – отпен ойнау, терезеден құлау, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау жағдайлары. Біз балаларға қауіпсіздік мәдениетін үйрету арқылы осындай жағдайлардың алдын алуға тырысамыз. Бұл ақпарат ата-аналарға да жетеді деп ойлаймын. Балалар үйіне барып, ата-анасына осы іс-шара туралы айтып береді, ал олар қауіпсіздік мәселесі туралы ойланатын болады. Өйткені кейде үлкендердің өздері де қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Ал балалар есте сақтап, бұл мәдениетті отбасында қанат жаюына септігін тигізеді», - деді Бауржан Ахметалин.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға төтенше жағдайлар мен түрлі экстремалды жағдайларда қауіпсіз әрекет ету дағдыларын үйретіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.