
Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Таным» оқушылар шығармашылық сарайында ұстаздарға арналған «Әйел бақыты – әлем бақыты» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның басты мақсаты – білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды құрметтеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Мерекелік кешті Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзбен ашты.
«Сіздердің білім жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Жауапкершілігі үлкен жұмысты абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын.
Таңнан кешке дейін талмай еңбек ететін сіздер уақыт жетіспейтін кездерге қарамастан отбасыларыңызды назардан тыс қалдырмаған жансыздар. Осы орайда сіздерге және отбасыларыңызға бақыт тілеймін, жақын жандарыңыз аман болсын, көктемнің шуақты күніндей көңілдеріңіз әрқашан шуақты болсын», – деді Қасымхан Сенғазыев.
Жиын барысында бірқатар ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Майра Құрманбаева ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегі бағаланғанына қуанатынын жеткізді.
«Бүгін ұстаздарымыз лайықты марапаттарына ие болып жатыр. Өзім «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болдым. Яғни, менің көп жылғы еңбегім бағаланып, марапатымды алдым. Өте қуаныштымын.
Қазіргі таңда білім саласындағы басшылықта болсын, ұстаздықта болсын көп әйел адам жұмыс істейді.
Бұл ретте барлық ұстаз әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, оларға әйел бақытын, отбасы шаттығын тілеймін», – деді Майра Құрманбаева.
Мерекелік кеш барысында қазақ әншілері Зарина Омарова, Есенжан Ерболатұлы, «Дәстүр» тобы, Нұрболат Сейітмұратов, Оралхан Алтынбек, Әлішер Қарабай, Ернұр Сұлтан, Елемес Ерболаттар ән шырқады. Шара соңында №38, 112, 43 мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының азаматтары «Ана туралы» жырды хормен айтты.
Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай 8 наурыз күні сағат 18:00-де «EXPO» аумағында Халықаралық әйелдер күніне арналған Open Air форматындағы live-концерт өтеді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының елордалық филиалына сілтеме жасап хабарлайды.
Концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары Әлішер Кәрімов, Қайрат Баекенов, Zaman тобы, Ернар Амандық, Bayansulu, Жошы тобы, Мади Кадыров өнер көрсетеді.
Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Елордада Е.Рахмадиев атындағы филармонияның камералық залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбекші әйелдерге арналған «Әйел – әлемнің жүрегі» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кешке елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген түрлі сала өкілдері – коммуналдық қызметкерлер, медицина мамандары, тәрбиешілер, аспаздар, тігіншілер, автобус жүргізушілері және басқа да еңбек адамдары жиналды.
«Осында жиналған әйелдер қауымы – елордамыздың жылуын, тыныштығын және көркін қалыптастырып жүрген, маңызды салаларда еңбек ететін жандар. Шынында да, әйел адам бір мезетте бірнеше істің басын ұштастыра алады. «Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Елордамыздың әйелдері де дәл сондай. Олар бір жағынан отбасының берекесін келтіріп, бала тәрбиесімен айналысса, екінші жағынан қоғамдық өмірге белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі шараға дәл осындай еңбекқор, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар жиналып отыр.
Қазіргі таңда елордамызда 1,6 миллионға жуық тұрғын бар. Оның жартысынан көбі – әйелдер. Ал сол әйелдердің басым бөлігі экономикалық тұрғыдан белсенді, яғни қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей үлес қосып жүрген азаматтар. Сондықтан сіздерге алғыс білдіреміз. Отбасыларыңызға береке, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз!» – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия еңбек етіп жүрген қарапайым еңбеккерлерді жыл сайын құттықтауды дәстүрге айналдырған. Биыл бұл іс-шара төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
«Бүгін біз 110 адамға арналған үлкен концерт ұйымдастырдық. Бұл шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбеккерлер шақырылды. Тіпті олардың арасында бір салада еңбек ететін үш буын өкілдері – әжесі, қызы және немересі бірге келіп отырған отбасылар да бар. Біз осындай еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетуді мақсат еттік. Өйткені көбіне басшылықтағы адамдар марапатталып жатады да, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді қамтамасыз етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері назардан тыс қалып қояды», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан.
Осындай игі іс-шаралар қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесін бағалап, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсетіні сөзсіз.
Елорданың коммуналдық қызметі алғаш қар жауған күннен бастап, тоқтаусыз, күні-түні жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 2 098 ауыр жүк көлігінің рейсі арқылы 35 530 текше метр қар шығарылды.
6 наурыз күні таңертең қаланы қар мен көктайғақтан тазартуға шамамен 1 720 арнайы техника мен 3 035 жол жұмысшысы тартылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 444 269 рейспен 6 млн 674 мың 203 текше метр қар шығарылды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Астанадағы М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Көктем симфониясы» атты салтанатты бал өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Білім басқармасының қолдауымен өткен мерекелік жиын мектепішілік Парламент көшбасшыларының қатысуымен өткізілді. Барлығы елордалық білім беру ұйымдарының 117 көшбасшысы қатысты.
«Бұл әсем кеш бірнеше жылдан бері өткізіліп, жақсы дәстүрге айналып келеді. Ол елорданың ең белсенді, бастамашыл, жауапкершілігі жоғары, дарынды оқушылардың басын қосатын алаңға айналды. Кешке қадірлі қонақ ретінде ардақты аналар мен әжелерді шақырып, мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік», – деді М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Айымгүл Жабаева.
Кештің салтанатты бөлімі «Созвездие» спорттық-балдық би ансамблінің хореографиялық композициясымен ашылып, кейін халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұрай Сайынованың өз шығармашылығын паш етті. Мерекелік бағдарлама оқушылардың дәстүрлі вальсімен жалғасты. Сонымен қатар, заманауи музыкалық композициялар мен түрлі флешмобтар та қойылды. Осылайша, аналарға, педагогтерге, тәлімгерлерге арналған алғыс кеші ерекше есте қалды.
Елордадағы Синтез театрында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған «Жырмен өрілген нәзіктік» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әдеби кеште зиялы қауым өкілдері, танымал ақындар, қаламгерлер бас қосты. Мерекелік әндер шырқалып, өлең оқылды.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, белгілі әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы кешке жиналған нәзікжанды арулар қауымын мерекелерімен құттықтады.
ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Егеухан Мұқамәдиқызы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жанат Әскербекқызы, белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Шәрбану Бейсенқызы секілді қаламгерлер кеш соңында өз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Әдеби-сазды кештің соңында қаламгерлер қауымына гүл шоқтары табыс етілді.
Астана қаласында бокстан жастар арасында әйгілі чемпион Манарбек Ихсановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің 20 өңірінен келген 300-ге жуық жас боксшы қатысып жатыр.
«Манарбек Ихсановты еске алуға арналған турниріміз алғаш рет 2023 жылы Орал қаласында облыстық деңгейде ұйымдастырылған. 2024 жылы республикалық деңгейге көтерілді. Ал 2025 жылы халықаралық мәртебе алды. Әйтсе де Орал қаласы еліміздің кей облыстарына баруға алыс болғандықтан, турнирді Астанада өткізуді ұйғардық. Бұл жерде 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер бақ сынайды», – деді ұйымдастырушы Қаймен Есендияров.
Манарбек Ихсанов – 1964 жылы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауданына қарасты Болашақ ауылында дүниеге келген. Ересектер санатында 75 келіде жұдырықтасып, жарақат салдарынан карьерасын аяқтауға мәжбүр болған. Ал 1995 жылы өмірден өтті.
«Турнирімізде жасөспірімдер санатына басымдық беруді жөн көрдік. Себебі жас боксшылар – еліміздің ертеңі. Олар қазірден тәжірибелерін шыңдай беруі тиіс. Алдағы жоспарымыз – осы деңгейден түспеуге тырысу», – деп боксшының туған бауыры Жандарбек Ихсанов өз пікірін білдірді.
Турнир жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан 200 мың теңге және IPhone 17 смартфоны, күміс жүлдегерге 100 мың теңге, қола жүлдегерге 50 мың теңге сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар жеңімпаздардың бапкерлеріне 100 мың теңге мен естелік сыйлық табысталады.
Айта кетейік, турнир 9 наурызға дейін жалғасады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астанадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде прокуратура мен қала әкімдігі «Заң мен тәртіп: Адал азамат жолы» байқауының финалдық кезеңін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, финалдық кезеңге аудандардағы 6 мектептен 60 оқушы қатысты. Оқушылар мектеп ортасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жобаларын ұсынды.
Өткен жылдың қараша айынан бері оқушылар жобаларын белсенді түрде дайындап, зерттеу жүргізіп, байқаудың түрлі кезеңдеріне қатысқан.
Қазылар алқасының құрамына прокуратура, полиция, білім беру саласының өкілдері және Әкелер кеңесінің мүшелері енді.
Байқау қорытындысы барлық кезеңнің нәтижелері ескеріле отырып шығарылады. Барлық команда жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Үздік жобалар білім беру ұйымдарында әрі қарай енгізу үшін қарастырылатын болады.
#законипорядок #заңментәртіп
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордадағы №16 Төлеген Айбергенов атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбының оқушылары UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық турнирінің жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуді елорданың Байқоңыр аудандық Полиция басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараға елордалық Жедел әрекет ету арнайы жасағының арнайы бөлімшесінің қызметкерлері – полиция капитаны Елдос Сартай мен полиция майоры Мөлдір Атанай қатысты. Олар ондаған елдің командалары жауынгерлік шеберлігін, тактикалық ойлау қабілетін және командалық үйлесімділігін көрсеткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын лайықты қорғаған.
Кездесуде арнайы бөлімше қызметкерлері өздерінің жұмысы, халықаралық жарыстарға дайындық барысы, сондай-ақ тәртіп пен командалық жұмыстың маңызы туралы айтып берді. Оқушылар қонақтарға сұрақтарын қойып, арнайы шығармашылық қойылымдарын да ұсынды.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық тәрбиесіне оң әсер етіп, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтады, сондай-ақ оқушыларды заңға және қоғамға қызмет етуге бағытталған мамандықтарды таңдауға ынталандырады.
Айта кету керек, «Жас сақшы» сыныбы құқық қорғау саласында қызмет етуді болашақ мамандығы ретінде көретін оқушылардан құралған. Жалпы білім беретін пәндермен қатар, олар полиция қызметкерлерімен кездесулер мен арнайы сабақтарға қатысып, қызметтің ерекшеліктері мен ішкі істер органдарының жұмыс қағидаттарымен танысады. Оқушылар арнайы форма киеді, ал тәртіп пен жауапкершілік олардың оқу процесінің маңызды бөлігі болып саналады.
Осындай кездесулер өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, полиция мамандығына деген құрметті қалыптастырады және жастардың қызметке деген қызығушылығын арттырады.
#законипорядок #заңментәртіп
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай «Келін – қайын ененің топырағынан» атты тағылымды сайыс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кеш сайыс форматында ұйымдастырылып, сахна төрінде келіндер мен енелер өнер көрсетті. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, ұлттық тағам түрлерінен дәм ұсынды.
«8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Сайыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау. Соның ішінде ене мен келін арасындағы сыйластықты, қарым-қатынасты нығайтуды көздегенбіз. Сондай-ақ, орталыққа келуші қарттарға көңіл күй сыйлау еді. Сол үдеден шыға алдық деп ойлаймын», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.
Сайысқа төрт жұп қатысты. Олар «Кім жылдам?», «Сәйкестік ойын», «Салт-дәстүрді білесің бе?», «Мақалды жалғастыр» секілді қызықты кезеңдер бойынша бақ сынасты.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келініміз екеуміз қатысып отырмыз. Отбасында келіннің де ененің де өз орны бар. Десе де ене келінімен құрбысындай болса деген ойдамын. Сонда береке болады деп есептеймін. Қазір уақыт өзгерді. Сондықтан соған сай болуы керек деген ойдамын», –дейді сайысқа қатысушы Майшекер Төлешқызы.
Мерекелік жиында зейнеткерлерден құралған «Замандастар» тобы мен скандинавиялық серуен тобының өнерпаздары өнер көрсетті.