
Елорданың Сарайшық ауданында Отбасы апталығы аясында «Көңілді старттар» форматында отбасылық спорт жарыстары өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға №73 мектептің 4-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
Жарысқа 14 отбасы қатысып, түрлі спорттық эстафеталар мен командалық тапсырмалар бойынша бақ сынады. Қатысушыларға қолдау көрсетуге оқушылар, ата-аналар және мектеп қауымдастығының өкілдерін қоса алғанда, 100-ге жуық көрермен келді.
Іс-шара барысында қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері ата-аналармен профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлді. Полицейлер кәмелетке толмағандар арасында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жүргізіп, балалардың интернетте және күнделікті өмірде тап болуы мүмкін қауіптер туралы айтты.
Ата-аналарға балаларының қызығушылығы мен араласатын ортасына мұқият көңіл бөлу, олармен ашық сөйлесу және мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ баланың дұрыс өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруда, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және теріс ықпалға қарсы тұруына отбасындағы тәрбиенің рөлі ерекше екені атап өтілді.
«Профилактика ең алдымен отбасынан басталады. Баланы бақылап қана қоймай, онымен үнемі сөйлесіп, қызығушылығы мен араласатын ортасын білу маңызды. Ата-ананың балаға дер кезінде көңіл бөлуі көптеген қауіптің алдын алуға көмектеседі», – деді полиция қызметкерлері.
Отбасылық спорт жарыстарын өткізу отбасы құндылықтарын нығайту, белсенді өмір салтын насихаттау және балалар мен ата-аналар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуді бір іс-шараға ұштастыруға мүмкіндік берді.
Астана қаласының Полиция департаменті балалармен, ата-аналармен және педагогтермен жүйелі профилактикалық жұмыстарды жалғастырып келеді. Бұл ретте есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр.
Елордада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир 15-20 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 300 мың АҚШ доллары.
Турнирдің ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Министр елімізде үстел теннисінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, ірі халықаралық жарыстарды өткізудің осы спорт түрін одан әрі өркендетудегі маңызына тоқталды.
«Бүгінде Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады, оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшы. Спортшыларымыз халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар Қазақстан ірі спорттық жарыстарды өткізу ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Орталық Азия қалалары арасында алғаш рет Азия чемпионатын қабылдады. Ал 2027 жылы елімізде әлем чемпионаты өтеді. WTT Star Contender сериясындағы турнирді өткізу – Қазақстанның әлемдік үстел теннисіндегі орнын нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Бұл – спортшыларымыз үшін өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен кездесіп, мол тәжірибе жинауға және шеберлігін шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік», – деді Ербол Мырзабосынов.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирі World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген. Жарыстың халықаралық құқық иесі – Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) аясында жұмыс істейтін World Table Tennis ұйымы.
Жарысқа әлемдік үстел теннисінің жетекші өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Қытай спортшысы Ван Иди, Франция өкілі Алексис Лебрен, германиялық Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, сондай-ақ жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар. 2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сындағы күміс жүлдегері Фанг Бо Nomad Table Tennis Academy құрамында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.
Қазақстан атынан еліміздің жетекші спортшылары, соның ішінде жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зәуреш Акашева және Сарвиноз Миркадырова сынға түседі.
Жарыс бес санат бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық сын және аралас жұптық сын.
Астанада 17-19 қыркүйек аралығында «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтеді. «Тәуекелсіз туризм» тақырыбына арналған іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік бизнес өкілдерінің, әуе компаниялары мен қонақүй саласының мамандары, сондай-ақ халықаралық серіктестер қатысып, туризмді қауіпсіз дамыту мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
17 қыркүйекте форум қатысушылары үшін елорданың туристік инфрақұрылымымен танысу бағдарламасы ұйымдастырылады. Оның аясында Астана бойынша шолу экскурсиясы және қонақүй нысандарына инфотур өткізіледі.
Форумның негізгі іскерлік күні 18 қыркүйекте EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Бағдарламада панельдік пікірталастар мен сараптамалық сессиялар, B2B кездесулері, туристік өнімдердің таныстырылымдары, халықаралық көрме экспозициясы және келісімдерге қол қою рәсімі қарастырылған.
19 қыркүйекте форум Астананың Орталық саябағында «Туризм – әркімнің ісі» тұжырымдамасы аясындағы қалалық мерекемен жалғасады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қалалық жүгіру жарысы, гастрономиялық фестиваль, спорттық және отбасылық іс-шаралар, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.
Форумды «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры мен ҚР Туризм және спорт министрлігі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.
Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің ерекше білім беруді қажет ететін оқушысы Амаль Сафиуллина кітап оқуды өзінің сүйікті ісіне айналдырған. Бүгінде 11 жастағы оқушы 280 кітап оқып, білімге деген қызығушылығы мен табандылығын көрсетіп келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оның кітап әлеміне жасаған алғашқы қадамына аяулы әжесінің еңбегі мен мейірімі себеп болған. Әжесі кішкентай кезінен немересіне кітап оқып беріп, әр шығарманың мазмұнын бірге талқылаған. Осылайша отбасындағы кітап оқу дәстүрі Амальдің тұрақты әдетіне айналып, бүгінде ол кітаптарды өз еркімен таңдап, қызығушылықпен оқиды.
Оқушы ғылыми-танымдық, энциклопедиялық, дамытушы және көркем әдебиеттерді ұнатады. Әр кітаптан жаңа ақпарат алып, қоршаған әлем туралы білімін толықтыруға тырысады. 280 кітап – оның тұрақты еңбегі, ізденісі және оқуға деген қызығушылығының нәтижесі.
«Кітап оқитын ұлт бір күнде қалыптаспайды. Ол баласына кітап ұсынған ата-анадан, немересіне кітаптың қадірін үйреткен әжеден, оқуға ынталандырған ұстаздан және кітаппен дос болған баладан басталады», – дейді Амальдің әжесі.
Астанада тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен демалысына қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және басқа да технологиялық тетіктердің артында көп жағдайда көзге көріне бермейтін мамандардың еңбегі жатыр. Солардың бірі – «Қазан Экспресс» ЖШС-нің аға диспетчері Юлия Горб. Ол қоғамдық көлік саласында 19 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек күні қарсаңында маман елордалық қоғамдық көлік жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Оның көлік саласындағы еңбек жолы 2007 жылы басталған. Ол кезде кондукторлар жолақы ақысын әлі қолма-қол қабылдайтын, ал бүгінде күнделікті қолданыста жүрген цифрлық сервистер болған жоқ. Esil University-де «Есеп және аудит» мамандығын тәмамдаған Юлия уақыт өте келе диспетчерлік қызметтен өзіне лайықты жұмысын тапқан. Бүгінде ол «Қазан Экспресс» ЖШС-да аға диспетчер болып, қалалық қоғамдық көліктің жұмысын үйлестіреді.
«Жұмысым өте қызықты», – дейді Юлия.
Оның негізгі міндеті – автобустардың желіге уақытылы шығуын қамтамасыз ету және жүргізушілердің жолаушыларды кестеге сәйкес, қауіпсіз әрі сабырлы жағдайда тасымалдауын ұйымдастыру. Диспетчерлік қызмет мамандары бұл жұмыстардың барлығын Avtobys жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақылап отырады.
Алайда қозғалыс кестесін мінсіз сақтау әрдайым мүмкін бола бермейді. Әсіресе ауа райы қолайсыз күндері диспетчерлердің жұмысы күрделене түседі.
«Мұндай күндері жағдай өте күрделі болады. Жүргізушілерге рейстерді орындау қиындай түседі, өйткені олар әр жолаушының қауіпсіздігіне жауап береді. Ал диспетчерлік қызмет қозғалыс кестесі мен автобустар арасындағы интервалдарды бақылап, реттеп отырады. Осылайша тұрғындардың баратын жеріне еш қиындықсыз жетуіне жағдай жасаймыз», – дейді Юлия.
Маман кез келген қиындықты еңсерудің басты сыры командалық жұмыс пен ауызбіршілігі жарасқан ұжым деп санайды. Еңбек күні қарсаңында көп жылдық тәжірибесі бар маман жастар мен жаңа қызметкерлерге өз кеңесін де айтты. Оның пікірінше, ең бастысы – мақсатқа ұмтылып, болмашы қиындыққа бола ешқашан берілмеу.
Елорданың көлік жүйесі осындай күнделікті еңбек пен өз ісіне деген адалдықтың нәтижесінде қалыптасып отыр.
Елордада 14-16 қыркүйек күндері жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жаяу жүргіншілердің жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алуға бағытталған «Жаяу жүргінші, назар аудар!» профилактикалық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны Астана қаласының Полиция департаменті қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Акция аясында білім беру ұйымдарында профилактикалық дәрістер мен түсіндіру жүргізіліп жатыр. Оқушыларға жолда қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ жолдың жүріс бөлігін кесіп өту кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілуде.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жолдан қауіпсіз өтуге қатысты негізгі ережелер жазылған ақпараттық брошюралар таратылып жатыр.
Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жолда мұқият болуға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырады.
Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театры VI маусымының ашылуына орай көрермен назарына «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драмасын ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қойылымның авторы – драматург Ақбота Ермаханова, режиссері – Сүндет Сәрсен. Автобиографиялық драма адам тағдыры, өмір сынағы, ішкі күйзеліс пен уақыттың адам жанын емдеуі тақырыптарын арқау етеді.
Қойылымның басты ерекшелігі – сахнада «Қанаттылар» инклюзивті театрының актерлері өнер көрсетеді. Өмірлік түрлі жағдайларға қарамастан, ерекше жандар өздерінің шығармашылық қабілетін сахна арқылы танытып, өнердің шекара мен шектеуге бағынбайтынын көрсетеді.
«Бұл спектакль қазіргі уақытта біздің театрдың бойтұмарына айналған. Себебі, көрерменнің сүйіп көретін қойылымдарының бірі. Мұнда махаббат та, өмірге деген құлшыныста бар. Өмірге мойымай қиыншылыққа шыдаған адамның тағдыры бейнеленеді. Міне осы қойылым сол арқылы өз көрерменін тапқан деуге болады», – деді Астана қаласы «Қанаттылар» инклюзивті театры басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Манат Дәулетбекұлы.
Бүгінде театр құрамында 40-қа жуық актер бар. Театр репертуарында түрлі жанрдағы қойылымдар қамтылған. Атап айтқанда, «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклі, «Үй таңданған лақ» ертегісі, «Қызжылаған» драмасы, «Өмір-ғайып» мелодрамасы, «Күле аласыз ба?» комедиясы, «Арман» музыкалық драмасы, «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы, «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясы, «Абай-LA» хореопоэтикалық философиясы, «Таң сәулесін шашқанда» лирикалық драмасы және «Соқырлар» символикалық трагедиясы бар.
Айта кетейік, 2025 жылы «Қанаттылар» инклюзивті театры жеке шығармашылық ұжым ретінде құрылып, дербес шығармашылық жолын бастады.
Астанада тұрғындар үшін 14 көмір сату орны және 10 қойма жұмыс істейді. Олардың барлығы қажетті инфрақұрылыммен және тиеу-түсіру техникасымен жабдықталған. Аталған нысандарда көмір сатумен 8 компания айналысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көмір сату орындары мына мекенжайларда орналасқан: Герцен көшесі, 4/1; Герцен көшесі, 6/2; Көктал көшесі, 28/2; Мақат көшесі, 40; Жамбыл Жабаев көшесі, 76; Дулатов көшесі, 182/1; Мақат көшесі, 4/1; 70-проезд, № 9А; ЖЭО-2; 101-көше, 30Б; Литейная көшесі, 44; Көктал көшесі, 28; Герцен көшесі, 6Б.
Бүгінгі таңда көмірдің орташа бағасы:
Шұбаркөл — тоннасына 19 500 теңге;
Қаражыра — тоннасына 18 800 теңге;
Майкүбі — тоннасына 16 800 теңге.
Сонымен қатар 109 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді. Осы нөмір арқылы тұрғындар көмір қоры, бағасы және сату орындарындағы қолжетімділігі туралы жедел ақпарат ала алады.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонының ресми сайтында миллионыншы қатысушы тіркелді. Осылайша Қазақстанның барлық өңірінен 1 000 000 адам кітапты, білімді және дамуды таңдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қатысушылар қатарында – мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар, кітапханашылар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі мамандық иелері және тұтас отбасылар.
Бұл цифрдың артында жай ғана тіркеулер саны тұрған жоқ. Оның артында – марафонды өзіне жаңалық етіп ашқан және кітап оқуға қарай қадам жасаған миллион адам тұр.
Астанадағы Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тәуелді» драматургиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Спектакль тәуелділік – лудомания, ойынқұмарлық және нашақорлық сияқты өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелерді көтереді. Бір терапиялық кеңістікте тоғысқан кейіпкерлердің тағдыры арқылы қойылым көрерменді тәуелділіктің салдары мен өз таңдауы үшін жауапкершілік туралы ойлануға жетелейді.
Қойылым «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Өйткені құқық бұзушылықтың алдын алу тек заң талаптарын сақтаудан ғана емес, адамның өзіне және айналасындағы адамдарға саналы әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудан басталады.
#законипорядок #заңментәртіп