
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Астана – есірткісіз қала!» атты профилактикалық акция өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, оның басты мақсаты жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және студенттердің болашаққа саналы көзқарасын қалыптастыру болды.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаменті ұйымдастырып, оған мәдениет пен киноиндустрия өкілдері, медиа саласының мамандары және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Танымал спикерлер жастармен тәжірибесін бөлісіп, зиянды әдеттерсіз де табысты әрі мазмұнды өмір сүруге болатынын нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында арнайы бөлімшелер мен кинологиялық қызметтің көрсетілімдері ұсынылып, есірткі қылмысына қарсы күрестің практикалық бағыттары таныстырылды.
«Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың өмірлік құндылықтарға саналы көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етуде. Жалпы есірткі қылмысы мен оған тәуелділік – қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. Сол себепті біз жастармен, оқушылармен жиі кездесіп, алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мұндай шаралар жастардың қылмысқа бару қаупін төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар, жастар бізге тікелей сұрақтарын қойып, ашық форматта жауап ала алады», – дейді Астана қаласы Полиция департаменті Кинология қызметі орталығы бастығының орынбасары Дастан Қойшығарин.