
Астанада Республика күніне орай «Жарқын Qazaqstan» атты ерекше флешмоб өтті. Шараға елорда жастарының шамамен 300 белсенді өкілі қатысып, өзара бірлікте патриоттық көңіл күй сыйлады.
Ботаникалық бақ аумағында қатысушылар фонариктер арқылы «Qazaqstan» және «Republic Day» деген жарық жазуларын бейнеледі.
Жарқыраған оттар – бейбіт аспан мен елдің жарқын болашағына сенім білдірген Тәуелсіздік ұрпағының алғысының символына айналды.
«Бүгінгі шара арқылы біз Қазақстан – жастары креативті, белсенді және ел тағдырына бейжай қарамайтын мемлекет екенін көрсеткіміз келді. Бұл жарықтар бірлік пен Отанға деген сүйіспеншілікті сақтаудың маңызын еске салып тұрсын», – деді флешмоб қатысушылары.
Акция патриоттық әндермен және қатысушылардың жылы қошеметімен аяқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жарқын Qazaqstan» тек мерекелік перформанс қана емес, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің және жастардың ел дамуына үлес қосуға ұмтылысының көрінісі болды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік рәміздер алаңында елордалық мектептердің 1500-ден астам оқушысы «Атамекен» әнін орындап, ауқымды флешмоб ұйымдастырған еді.