Бүгін елордада жастар ұйымдары, белсенділер мен қоғам өкілдерінің қатысуымен экологиялық акция өтті. Іс-шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тарту мақсатында ұйымдастырылған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті.
Іс-шара аясында қатысушылар «Жастар» саябағында бас қосып, бірқатар бірлескен шараларға атсалысты. Алдымен жас көшеттерді суару жұмыстары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Астана Жастары» Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кітаптар алмастыру бұрышы жұмыс істеді. Қатысушылар өз кітаптарымен бөлісіп, сүйікті шығармалары туралы пікір алмасты.
Скейт-алаңда экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастардың өнер көрсетулері өтті. Олар өздерінің шеберліктерін паш етіп, спорттың жастарды дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттаудағы рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Гаипов Зұлфухар Сұлтанұлы құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық және экологиялық бастамаларға жастардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, «Жасыл Ел» жобасының сарбаздарымен бейресми кездесу өтті, олар қала абаттандыруына қосқан үлестері және жазғы еңбек маусымындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгі акция – тек қана тазалық жұмыстары немесе көшет суару емес. Бұл – жастардың жауапкершілігі мен сана-сезімінің көрінісі. Бүгінгі ұрпақтың қаламызға және ел болашағына бейжай қарамай, өз қолымен үлес қосуға дайын екенін көріп отырмыз. «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында біз мұндай бастамаларды қолдауды әрі қарай да жалғастырамыз.
Экологиялық акция бейжай қарамайтын жастарды біріктіріп, тазалық, абаттандыру және экологиялық сананы қалыптастыру – жаңа буынның басты басымдығы екенін көрсетті.