Астанада қала тұрғындарының заманауи мамандықтарды меңгеруіне және табысын арттыруына бағытталған JOLTAP жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама түлектерінің бірі Әсем Айтмағанбетова жоба жайлы ой бөлісті».
Әсем он жылдан бері қаптама тасын сатумен айналысатын компанияда логистика саласында жұмыс істеп келеді. Дегенмен, ол біраздан бері өз дағдыларын кеңейтіп, өзін жаңа бағыттарда сынап көруді ойлап жүрген.
JOLTAP жобасы оның қызығушылығын оятқан, себебі оның әпкелері бухгалтерлік есеп бойынша курстарды сәтті аяқтаған екен.
«Әпкелерімнен осы жоба туралы естігеннен кейін қосымша саланы игеріп, өзімді жаңа бағытта байқап көру таптырмас мүмкіндік екенін түсіндім. Осылайша мен JOLTAP жобасына келдім, – дейді Әсем.
Ол екі бағытты таңдаған: «Kaspi-дүкендегі сауданың негіздері» және «Бухгалтерлік есептің негіздері». Оның айтуынша, бұл – бизнес-процестерге деген қызығушылыққа негізделген саналы шешім.
«Мені сауда саласы қызықтырды, әсіресе онлайн форматта. Сауданы қалай жүйелі, дұрыс ұйымдастыру керегін түсінгім келді», – дейді ол.
Жобаға қатысқанға дейін-ақ Әсем Kaspi платформасында өзінің жеке дүкенін ашуға өтінім берген. Курстар басталғаннан кейін бірнеше күн ішінде ол платформаға кіру мүмкіндігін алған.
«Бұл теориядан тәжірибеге өткен сәт болды. Білімді бірден қолданысқа енгізу өте маңызды болды», – деп еске алады ол.
Қазір Әсем басты жұмыс орнында қызметін жалғастырып, сонымен қатар онлайн саудамен де айналысып келеді. Оның айтуынша, жоба көзқарасты кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді.
«Айгерім Омышева Батырбекқызы бізге жай ғана материал беріп қойған жоқ, бұл нақты бизнесті бастауға арналған құралдар болды. Ал Гүлмира Бейсембаева Күлхановна тіпті күрделі тақырыптарды түсінікті әрі нақты етіп түсіндіріп берді. Бұл – жоғары деңгейдегі дайындық», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол жоба командасына көрсеткен қолдауы мен ықыласы үшін алғысын білдірді.