Оңалту-техникалық құралдарын қолданушылар мен жеткізушілер назарына!

Оңалту-техникалық құралдарын қолданушылар мен жеткізушілер назарына!

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде.

Негізгі мақсат – адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру.

Ағымдағы жылдың сәуір айында бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын оңалту техникалық құралдарының құнын өтеу ретінде берілетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.

Бұрын кепілдендірілген соманы айқындау алдыңғы қаржы жылындағы бағалардың орташа мәні туралы үш ақпарат көзі негізінде (Әлеуметтік қызметтер порталының деректері, мемлекеттік сатып алу деректері және әлеуетті жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары) комиссия арқылы жүргізілетін.

Жаңа Әдістемеге сәйкес кепілдендірілген сома Әлеуметтік қызметтер порталының және электрондық дүкеннің деректерін ескере отырып есептелетін болады.

Осыған байланысты тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының жинақталған деректерін алу үшін Әлеуметтік қызметтер порталы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграциялануда.

Алдағы уақытта кепілдендірілген соманы цифрлық платформалардан алынған нақты нарықтық деректер негізінде қолмен араласусыз автоматты түрде қалыптастыру жоспарлануда. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.

Күтілетін негізгі нәтижелер:

* ОТҚ құнын қалыптастыру үдерісін толық цифрландыру;

* адами фактор мен субъективтілікті болдырмау;

* әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз ету;

* бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.

Сонымен қатар, мемлекет мұқтаж азаматтарды сапалы оңалту техникалық құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында негізсіз шығындарды қысқартатынын атап өткен жөн.

Босатылған қаражат жүйені дамытуға, оның ішінде оңалтудың заманауи, технологиялық және қымбат құралдарын енгізуге бағытталады, бұл қалпына келтірудің тиімділігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қосымша хабарлаймыз, жаңа тәсілдер әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталық арқылы іске асырылуда – бұл халықты әлеуметтік қорғау саласында заманауи шешімдер пысықталып, енгізілетін мамандандырылған алаң.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Ғылыми орталық арқылы ОТҚ-ны қайтарымды пайдалану тетігінің пилоттық жобасы іске қосылады.

Бұл тетік тек қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын ОТҚ түрлеріне қолданылады және жеке пайдалануға арналған құралдарға (жөргектер, протездер және т.б.) қатысты емес.

Аталған тетік, мысалы, жөндеу кезеңінде немесе уақытша қажеттілік туындаған жағдайда (мысалы, ОТҚ жеткізілімін күту кезінде) ұзақ рәсімдерді күтпей-ақ адамды жедел түрде ОТҚ-мен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ОТҚ-ның нақты техникалық жай-күйі мен адамның жеке қажеттіліктері негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде.

Бұл шешімдердің негізділігін арттырып, алушылардың мүдделерін қорғайды.

Осылайша, ОТҚ-ны қайтару тетігін енгізудің күтілетін нәтижелері:

  1. ОТҚ қолжетімділігін арттыру, күту мерзімдерін қысқарту;
  2. бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
  3. ресурстарды ұтымды пайдалану;
  4. ОТҚ пайдалану мерзімін ұзарту;
  5. ОТҚ-ның техникалық жай-күйі мен тиімділігін мониторингтеу жүйесін қалыптастыру;
  6. ОТҚ-мен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.

Енгізіліп отырған өзгерістердің негізгі мәні – әлеуметтік қорғау жүйесінің қолжетімділігін арттыру, оңалту сапасын жақсарту, сондай-ақ жүйенің ұтымдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету.