Жаңа Конституция жобасы еліміздің саяси және құқықтық дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам.

Жаңа Конституция жобасы еліміздің саяси және құқықтық дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам.

Жаңа Конституция жобасы еліміздің саяси және құқықтық дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам. Жобада билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жетілдіруге ерекше мән берілгені байқалады. Бұл, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Мемлекеттік басқарудың ашық әрі жауапты болуы қоғам сенімін арттырады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Конституция Преамбуласында белгіленген жаңа құндылықтар да ерекше назар аудартады. Онда елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау, ғылым мен білімге, инновацияға сүйену, сондай-ақ табиғи ортаны қорғау басты бағдар ретінде көрсетілген. Бұл құндылықтар әр азамат үшін ортақ мақсат пен жауапкершілікті айқындайтын құқықтық темірқазық іспетті. Ал депутаттардың пропорционалды жүйе арқылы сайлануы саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың ішкі жауапкершілігін арттырады. Бұл партиялардың тек сайлау кезінде ғана емес, қоғам алдындағы тұрақты міндеттерін сезінуіне ықпал етеді.
Жобада қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерінің кеңеюі де құптарлық. Қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдерінің заң шығару процесіне араласу мүмкіндігі халық үніне құлақ асу қағидасын нақты іске асыруға жол ашады. «Халық кеңесі» сияқты консультативті органның енгізілуі билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады. Бұдан бөлек, цифрлық технологиялар дамыған заманда азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығының Конституция деңгейінде бекітілуі өте өзекті. Бұл адам құқықтарын қорғаудың заманауи тетігі болып табылады. Сондай-ақ вице-президент лауазымының енгізілуі мен Парламент өкілеттігінің күшеюі саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған деп есептеймін. Конституция жобасы халық мүддесін ескеруге, саяси шешімдердің сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатыны сөзсіз.