Қазақстанда тұрғын үй инспекцияларының функциялары кеңейтілді

Қазақстанда тұрғын үй инспекцияларының функциялары кеңейтілді

Қазақстанда тұрғын үй инспекцияларының функциялары кеңейтілді

         Қазақстанда тұрғын үйді басқару саласындағы ашықтықты, жауапкершілікті және қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар нақты қадамдар қабылдануда.

         Осыған орай, тұрғын үй инспекцияларының қолданыстағы функцияларына қосымша ретінде, кондоминиум объектілерінің жылыту маусымына дайындығы бойынша тексерулер мен профилактикалық бақылауды жүзеге асыру құзыреті берілді.

         Халық тарапынан келіп түсетін шағымдарды талдау кезінде, инженерлік жүйелер мен жабдықтардың қараусыз қалуы өзекті мәселелердің бірі ретінде анықталды. Кондоминиум объектілерін қабылдау кезінде меншік иелері насостар, крандар, кеңейту бактары сияқты техникалық жабдықтардың жұмыс істемейтін күйде берілетініне жиі тап болады. Сонымен бірге, қандай да бір ақаулықтар туралы актілер меншік иелеріне ұсынылмайды. Мұның бәрі пәтерлерге ресурстардың берілуіне және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді.

         Осыған байланысты, бақылаушы органдардың функцияларының кеңеюі мұндай жағдайлардың алдын алуға және олардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қосымша, тұрғын үй инспекцияларына әрбір үй бойынша және кондоминиум объектісінің тіркелуі, басқару формасының заңды түрде бекітілуі, жер телімінің енгізілуі туралы мәліметтерді қамтитын реестрлер жүргізу міндеті жүктелді. Кондоминиум объектілері бойынша пайдалану талаптарына сәйкестік, жылу есептеу аспаптарының тексеруден өтуі, бақылау-өлшеу құралдарының, актілердің, лифтілер мен өртке қарсы жүйелердің техникалық тексерістен өтуі туралы ақпараттар осы реестрлерде көрсетілетін болады және меншік иелері үшін ашық болады.

         Сонымен қатар, тұрғын үй инспекциясына уақытша басқарушыны мерзімсіз тағайындау құқығы беріліледі. Бұл үйлердің басқарусыз қалуын алдын алуға мүмкіндік береді.

         Тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңа түзетулер тұрғын үй инспекциясын тиімді реттеуші орган ретінде нығайтып, басқару субъектілеріне қатысты бақылау тетіктерін күшейтеді.