Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Ербол Жолданғар Президенттік жастар кадр резервін іріктеу жайлы айтты. Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ол дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатынын еске салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұған дейін үш іріктеу өткізілген. Спикердің айтуынша, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты, олардың нәтижелері бойынша резервке 400 адам қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы-50 адам).
Резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни жалпы санының 80%-ы жұмысқа орналастырылды.
Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеуді өткізуді жоспарланып отыр.
Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады.
«Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталатын болады.
Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді», - дейді спикер.
Оның айтуынша, іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес, 6 кезеңнен тұрады (Ереже Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен бекітілген) және маусым-қазан айларында өткізіледі.
І кезең. Резервке алу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылады.
ІІ кезең. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі (2-3, 9-10 тамыз) кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.
Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидат мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.
Тестілеудің қорытындысы бойынша келесі кезеңге – ситуациялық тапсырмаларды шешуге үздік нәтижеге қол жеткізген 600 кандидат (оның ішінде әрбір салалық бағыт бойынша 100-ден аспайтын кандидат) жіберіледі.
ІІІ кезең. Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі (16-17 тамыз) кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді. Нәтижесінде, 22 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін кандидаттардың құзыреттерін бағалау кезеңіне 300 кандидат жіберілетін болады.
ІV кезең. Бұл кезең бағалаудың екі блогынан тұрады: ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат.
Ассессмент-орталық (22-28 тамыз) Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта өтеді. Ол кандидаттардың бойындағы мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы қажетті құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, сендіре білу, проактивтілік) бағалауға бағытталған.
Ассессмент-орталықтан өту қорытындысы бойынша 200 қатысушы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтуге жіберілетін болады.
Құзыреттер бойынша сұхбат блогы (23–28 қыркүйек) кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге 150 қатысушы жіберіледі.
V кезең. Сарапшылық комиссиясында әңгімелесуді 8-15 қазан аралығында өткізу жоспарланып отыр.
Сарапшылық комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады.
VІ кезең. Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін Ұлттық комиссияның отырысын қазан айының 25 күніне дейін өткізіп, қазан айының соңына дейін шешім шығару жоспарланып отыр.