Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада мектеп оқушыларына техникалық мамандықтардың беделі туралы айтылды

Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада мектеп оқушыларына техникалық мамандықтардың беделі туралы айтылды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордада бейінді сыныптарда білім алып жатқан мектеп оқушыларына арналған қалалық слет өтті. Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы, әкімдіктің Әдістемелік орталығы, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастар мен түлектерді техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға тарту. Мұндай алаңдар оқушыларға ерте кәсіби бағдар беруге, жұмысшы мамандығын таңдауда ынталандыруға және олардың имиджін арттыруға мүмкіндік береді.

Слетке 400-ден астам мектеп оқушысы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, мектептер мен колледждердің педагогтары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар колледждердің студенттерімен пікірлесті. Спикер ретінде медицина колледжінің студенті Дария Тлектес, ASTANA POLYTECHNIC жоғарғы колледжінің студенттері Ағыбай Мұхамеджан мен Асанәлі Бабаев, педагогикалық колледж студенті Аймара Айболқызы, «Астана-Профи» колледжінің студенті Юсуф Мұратұлы және басқалар шақырылды.

«Мен ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша жоғары политехникалық колледждің үшінші курс студентімін. Бұл мамандықты неге таңдадым? Қазіргі кезде Қазақстанда көптеген адам интернет-алаяқтықтың құрбаны болуда. Жетінші сыныпта-ақ мен бұл жайында ойландым, бір нәрсе істеу керек деп. Көптеген алаяқтық SMS немесе сілтемелер арқылы жасалады, яғни фишинг шабуылдары. Мұның бәрі телефон мен интернетте болып жатыр. Елдегі жағдайды жақсарту үшін осы мамандықты таңдадым», – деді Асанәлі Бабаев.

Слеттің өзектілігі мен маңыздылығы туралы Астана қаласы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон айтып берді.

«Астанадағы 70 мектепте жұмысшы мамандықтар жылы аясында педагогика, IT, қызмет көрсету, медицина бағыттары бойынша «100 бейінді сынып» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгін біз осы бейінді сыныптарда оқып жатқан оқушыларды слетке жинадық. Мұнда тәжірибе алмасу жүріп жатыр: біз колледждердің табысты студенттері мен тәжірибелі педагогтерін шақырдық. Мысалы, бейінді сыныптары бар мектеп директорлары келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл біздің кәсіби бағдар беру жұмыстарымыздың бірі. 7, 8 және 9-сынып оқушылары болашақта дұрыс таңдау жасауы үшін маңызды», – деді ол.

Қалада 32 колледж бар, оның 9-ы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Онда 38 мыңнан астам студент білім алуда.
№26 мектеп-гимназия директоры Ольга Тодераштың айтуынша, кәсіби бағдарлау жұмысы олардың оқу орнында 2022 жылы пилоттық режимде педагогикалық бағытта басталып, кейін құқықтық бағытпен жалғасты. Ал жұмысшы мамандықтар жылы аясында технологиялық сынып ашылды.

«Бұл өте өзекті мәселе, өйткені балалар 9 немесе 11-сыныпты бітірген соң қайда барарын білмей жатады. Көп жылдық тәжірибесі бар педагог ретінде айтарым – кәсіби бағдарлауды 9-10-сыныптарда емес, әлдеқайда ерте бастау керек. Бұл ата-аналармен жұмыс, сондай-ақ психологтар тарапынан баланың бейімділігін анықтау. Содан кейін біз балалармен сөйлесеміз. Өйткені бұл, ең алдымен, олардың қалауы болуы тиіс. Олар мамандықты «сынап көруі» керек, қолымен ұстап көруі керек. Сол кезде ғана олар бұл таңдауға саналы түрде келеді», – деді ол.

Мектеп оқушыларына арналған іс-шара барысында шеберлік сағаттары, интерактивті іскерлік ойындар, бизнес-идеялар презентациясы, техникалық қызмет көрсету, теміржол және автомобиль көлігі, тігін өндірісі, дизайн, флористика, қоғамдық тамақтану, медицина, педагогика, ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша психологиялық-педагогикалық тренингтер өтті.

Еске салайық, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана колледждерінде 2025 жылдың қаңтарынан бастап «1000 бейінді сынып» жобасы іске қосылды. Ол сегіз бағытты қамтиды: сервис (қоғамдық тамақтану мен техникалық қызмет көрсету), дизайн, тігін өндірісі, теміржол көлігі, IT, педагогика және медицина. Жобаға жеті жоғары оқу орны, 21 колледж және 70-тен астам мектеп қатысып жатыр: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет, Astana IT University, «Астана» медицина университеті, М.Тынышпаев атындағы АLT университеті және Халықаралық Астана университеті.