Азаматтарға құқықтық көмек күні елорданың «Астаналық» базарында өтіп жатыр. Іс-шараны AMANAT партиясының Астана қалалық филиалы «Құқықтық көмек» және «Қарызсыз қоғам» жобалары аясында Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара тұрғындарға қаржылық және заңгерлік көмек көрсету, сондай-ақ олардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі.
Азаматтар тұрғын үй бағдарламаларынан бастап денсаулық сақтау саласындағы құқықтық аспектілерге, меншікті ресімдеуге және жеке кәсіпкерлікті (ЖК) жабуға дейінгі көптеген мәселе бойынша тегін кеңес алады.
Іс-шараға Отбасы банкінің, «Қарызсыз қоғам» жобасының, БЖЗҚ, Әділет департаментінің, адвокаттар алқасы мен заң палаталарының өкілдері, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатысады.
«Отбасы банкі, мерзімі өткен кредиттер, заң мәселелері бойынша, яғни жер учаскелерін ресімдеуден бастап ЖК жабылғанға дейінгі түрлі мәселелер көтеріледі. Сондай-ақ, денсаулық сақтау бойынша көптеген өтініш бар: есепке қалай тұру керек, мүгедектікті қалай алуға болады, МӘМС-ті пайдалану. Біз осындай іс-шараларды елорданың басқа да сауда үйлерінде өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді AMANAT партиясы елордалық филиалының баспасөз хатшысы Сұлтан Мұстафин.
Астана әкімдігінің коммуналдық тұрғын үй қорының консультация және құжат айналымы бөлімінің басшысы Бекжан Сипат өтініштердің көпшілігі тұрғын үйге қатысты екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта кезекте тұрғандар баспана ала алатын бірқатар бағдарлама бар. Атап айтқанда, кейіннен сатып алу арқылы жалға берілетін тұрғын үй әлеуметтік жағынан осал топтар мен көп балалы отбасыларға арналған. Сондай-ақ, жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар Отбасы Банкі арқылы – «Бақытты отбасы» 2% және «Шаңырақ» жылдық 5%, бастапқы жарнасы 10% және мерзімі 20 жылға дейін қолжетімді», - деп түсіндірді ол.
Іс-шараға қатысушылардың бірі жалға берілетін тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес алу үшін арнайы келгенін айтты. Ол елорда маңында тұратынын және Астанаға көшу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
«Мұнда барлық қажетті ақпаратты тегін алуға болатындығын ерекше айта кеткен жөн», - деді ол.