Астанада кәсіпкерлер сауда орталықтары мен базарлардың маңында тазалық жүргізді

Астанада кәсіпкерлер сауда орталықтары мен базарлардың маңында тазалық жүргізді

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында сауда орталықтарының қызметкерлері өз аумақтарын тазалауға шықты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астананың «Технодом», «Әсем», «Джафар», «Магнум», «Ажар» және «Тұлпар» сауда орталықтарының аумағында ауқымды тазалық жүргізілді.
«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясын елорда кәсіпкерлері қолдады. Бүгінде оған қаланың сауда орталықтары мен базарларының қызметкерлері қатысып жатыр.

«Біз экоакциялар, ең алдымен, елордада тазалық пен тәртіпті сақтау үшін маңызды деп санаймыз. Мұндай іс-шаралар мәдениет тұрғысынан кәсіпкерлер үшін ғана емес, қаланың барлық тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие», - деп атап өтті Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Қуаныш Қадір.

Айта кету керек, бұл апта «Мөлдір бұлақ» ұранымен өтіп жатыр, оның шеңберінде су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мәдениет және спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер қатысады.