«Өнегелі ұрпақ»: Астанада танымал спортшылар балалар үйінің жанында сенбілік өткізді

«Өнегелі ұрпақ»: Астанада танымал спортшылар балалар үйінің жанында сенбілік өткізді

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит және елімізге танымал кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді «Өнегелі ұрпақ» апталығын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Олар «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Астана маңындағы «Светоч» балалар үйінің жанындағы орта мектепте сенбілік ұйымдастырды. Алдымен аула ішіндегі қоқыстарды тазалап, есік алдын сыпырып, өсіп кеткен шөптерді шауып, гүлдердің түбін қопсытты.

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акцияның 4 аптасы «Өнегелі ұрпақ» ұранымен өтуде. Елорда бойынша белсенді қала тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйлерінің аулаларын тазалап, абаттандыруда. Айтулы экологиялық акцияға біз де өз үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз. Әріптестеріммен ақылдаса келе Астана маңында орналасқан «Светоч» балалар үйіне келдік. Бұл балалар үйінде қазір 19 бала тәрбиеленіп жатыр», - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.

Айта кетейік, «Светоч» балалар үйі жанындағы орта мектеп өз жұмысын 1999 жылы қарашада Лилия Вениаминова Соловьеваның үш бөлмелі пәтерінде басталған. Бүгінде балалар үйінің тәрбиеленушілері аудандық олимпиадаларға, конкурстар мен жарыстарға белсенді қатысып, құрметті орындарға ие.

«Менің ойымша, бұл науқан жақыныңа көмектесу мен оларды қолдаудың тамаша үлгісі. Біз жанымыздағы қарияларға көмектескенде, осындай қиын жағдайға тап болған балаларға қол ұшын созып, мереке ұйымдастыру олар үшін ғана емес, өзіміз үшін де маңызды нәрсе жасаймыз. Жүрегімізде жылулық ұя салады. Біз осындай азғантай ғана жұмысымыз арқылы олардың көңілін көтердік деген үміттеміз. Балалардың көздеріндегі қуаныш біз үшін ең жақсы Алғыс болды», - дейді Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Оның аясында 29 сәуір мен 4 мамыр аралығында басталған «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығы қарқынды өтуде. «Өнегелі ұрпақ» апталығы – қарттар үйі, ардагерлер, жұмыс барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы тұратын үйлер аумағын абаттандыруға бағытталған. Айтулы акцияға өз үлесін қаланың әрбір тұрғыны қоса алады.