«Жасыл аймақ»: мұражай аумағына 350-ден астам ағаш отырғызылды

«Жасыл аймақ»: мұражай аумағына 350-ден астам ағаш отырғызылды

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экоакция өтіп жатыр. Бұл апта «Жасыл аймақ» ұранымен өтіп, ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға және т.б. арналған. Бүгін экоакция аясында Байқоңыр ауданындағы елорда музейінің аумағына 350-ден астам ағаш отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жасыл аймақ» экоаптасы аясында Қарулы Күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының аумағында түрлі елшіліктердің өкілдері жаппай ағаш отырғызды. Олар сондай-ақ қоршаған ортаның сұлулығының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін бізде керемет көңіл-күй бар. Мұндай акциялар қоршаған ортаға үлкен пайда әкеледі. Мен ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын ылғи да қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – біздің болашаққа қосқан үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық. Бұл бағытта Қазақстан үлкен жұмыс атқарып жатыр», – деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.

Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Грузия, Беларусь, Португалия, Таиланд, Израиль, Ватикан елшілері мен өкілдері қатысты.

«Бұл іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылды. Оған қала басшылары мен тұрғындары, бизнес өкілдері мен жастар қатысады. Мұнда 350-ге жуық ағаш отырғызылады. Олардың арасында қайың, қарағай, шырша бар. Ағаш отырғызудан басқа, біз автоматты суару жүйесін қатар қоямыз. Сондай-ақ, аталған іс-шара аясында ауданның басқа саябақтарында жасыл желектер отырғызылады», – деді аудан әкімі Талғат Рахманбері.

Естеріңізге сала кетейік, экоакцияны елордада орналасқан 70-ке жуық елшілік пен халықаралық ұйым қолдады.

Айта кетейік, 3 апта бойы елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр.

Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.