Астананың медицинада оқитын 7 мың студенті экочелленджді қолдады

Астананың медицинада оқитын 7 мың студенті экочелленджді қолдады

Болашақ медицина қызметкерлері "Таза Қазақстан. Астана – елордада өтетін Тазалық пен тәртіптің үлгісі" экологиялық акциясына қатысты. Астана медицина университетінің 7 мыңнан астам студенті қалалық экоакцияға шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған оқу орнының проректоры Диас Сайданғазиннің айтуынша, бұл тазалық акциясы ел жастарының патриотизмін арттыру және өз еліне қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу үшін зор маңызға ие. Іс-шара барысында университет оқытушылары мен студенттері қаланың бірнеше жерінде орналасқан осы оқу орнының ғимараттарын, сондай-ақ іргелес көшелерді тазалады.

"Акция аясында біздің студенттер тек оқу орындарының аумағын ғана емес, Есенберлин көшесінен Кенесары көшесіне дейінгі Бейбітшілік көшесінің екі жағын да тазартты. Қыстан кейін қалған қоқыстар мен былтырғы жапырақтарды қаптарға жиналып, ағаштар отырғызды", - деді оқу орнының проректоры акция барысында.

Жалпы медицина факультетінің 4 курс студенті және ЖОО мәдениет департаментінің басшысы Ерсұлтан Қыдырбайдың айтуынша, мұнда студенттер барлық еріктілер қозғалыстарына белсенді қатысады.

"Бұл акцияның тәрбиелік мәні зор. "Таза өлке", "Киелі мекен", "Жасыл аймақ" сияқты бірнеше бөліктен тұратын акция қаламыздың табиғатына ұқыпты қарауға бағытталған. Бұл іс-шаралар бір мезгілде көшелерді тазарту науқанына айналмауы керек. Өйткені барлық уақытта қоршаған ортаны қорғау - біздің ортақ міндетіміз", - деп атап өтті студент.

Айта кетейік, іс-шара Астана медицина университетінің студенттері қатысқан челленджден басталды. Эстафета Astana it University-ге жолданды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экочеллендж жалғасып, Астананың 15 жоғары оқу орнының барлық студенттерін қамтиды.