Астанада 100-ден аса әке балаларымен бірге ағаш отырғызды

Астанада 100-ден аса әке балаларымен бірге ағаш отырғызды

Астанада "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. Осы апта "Жасыл аймақ" ұранымен өтіп, ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналды. "Әке - үлгі. Бала - ұрпақ. Табиғат - өмір" акциясы аясында Білім басқармасының бастамасымен әкелер мен балалары Әйтеке би көшесіндегі аллея аумағына ағаш отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Бүгін біз “Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" ауқымды акциясы аясында ағаш отырғыздық. 100-ден астам әке балаларымен бірге елордалық аудандардың біріне ағаш көшеттерін отырғызуға келді. Мұндай акциялар елорданың барлық мектептерінде өткізіледі, оған тек педагогикалық қауымдастықтар мен мектеп оқушылары ғана емес, ата-аналар комитеттері де белсенді қатысады. Қаланы көгалдандыру арқылы біз оның экологиясын жақсартамыз. Осыған байланысты бүгінгі іс-шараға қатысушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді", - деді Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев.

Республикалық әкелер одағының елордалық филиалының басшысы Бекдаир Күзембаев бүгінгі акция ағаш отырғызумен айналысып жүрген барлық балалардың жадында қалады деп есептейді.

"Менің ойымша, әркім өз өмірінде ағаш отырғызуы керек. Әсіресе, ағаштар қалалардың өкпесі болғандықтан, оттегін бөліп, көмірқышқыл газын сіңіреді. Біз қаламыз таза және әдемі болғанын қалаймыз. Сондықтан біз балаларымызбен ағаш отырғызуға үлкен қуанышпен қатысамыз. Қала тұрғындарын осындай акцияларға қосылуға шақырамын, бұл біздің қаланы одан да тартымды етеді", - деп бөлісті елорда тұрғыны.

Акцияға сондай-ақ әнші және композитор, Роза Бағланова атындағы Қазақконцерттің солисі Құрмаш Махан қатысты.

"Мен қаламыздың саналы тұрғыны ретінде ағаш отырғызуға келдім. Елордамыздың жасыл және жақсы күтімде болғанын қалаймын. Өйткені қала неғұрлым таза және әдемі болса, оның тұрғындары үшін соғұрлым жақсы. Біз бәріміз қаланы абаттандыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Мен осы аудандағы №68 мектепте оқитын ұлыма үлгі көрсеткім келеді. Өйткені, ағаш отырғызу - бұл әркім өз өміріндегі ең асыл нәрсе", - деп атап өтті әнші.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналған.

"Жасыл аймақ" деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызуға және екпелерді ақтауға арналған.