Астанада «Тоқта, вандал» акциясы өтіп жатыр

Астанада «Тоқта, вандал» акциясы өтіп жатыр

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық іс-шарасы аясында Астанада вандализмге қарсы бағытталған «Тоқта, вандал!» акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, ҮЕҰ өкілдері, қала тұрғындары, аудан әкімдіктерінің және қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлері, мәслихат депутаттары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы жүріп жатыр. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды.

«Тоқта, вандал!» атты акция 2021 жылдан бастау алды. Біз қаладағы ғимараттардың қабырғаларына елордамыздың сәнін кетіріп, бей-берекет жазылған суреттер мен жазуларды өшіреміз. Онда есірткі өнімдеріне сілтеме, сайттар көрсетілген болуы мүмкін. Міне, вандализммен күресе отырып, нашақорлықтың да алдын алуға көмектесеміз. Мұндай нәрселер көбіне ғимараттардың қабырғаларына, аялдамаларға, орындықтарға жазылады. Вандализм бұл қоғамдық мүлікке зиян тигізіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіреді. Біз бұған немқұрайлы қарамауымыз керек», - деді волонтер Илья Жақсылық.

Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана сындырғаны, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 100-ге жуық адам жазаланды. Олардың бәрі жауапқа тартылды.

Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген жағдайын болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау. Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.

Айта кетейік, астаналық жастар вейпке қарсы акцияны да қолға алды. Осылайша, олар жастардың жаман әдеттен арылып, керісінше спортқа ұмтылуына үлес қосып жатыр.