«Таза Қазақстан»: елордада өткен экоакцияға эстрада жұлдыздары қатысты

«Таза Қазақстан»: елордада өткен экоакцияға эстрада жұлдыздары қатысты

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке эстрада жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері қатысты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Олардың қатарында Нұрлан Өнербаев, Дос, Светлана Айтбаева, Майра Ілиясова, Ерлан Малаев, Аука, Есен Елеукен, Хадиша Ағыбаева және т.б. бар. Олар қаладағы «Керей мен Жәнібек хандар» ескерткішінің аумағында абаттандыру жұмысын жүргізді.

«Бұл – ауқымды іс-шара деп санаймын. Оған барлығы да атсалысып жатыр. «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясының бір ерекшелігі – әр аптаның жеке тақырыбы бар. Мысалы, мәдени нысандар, тарихи ескерткіштер абаттандырылды. Бұл экоакция мамыр айының ортасына дейін болады. Қаламызда қолайы өмір сүруге жағдай жасау – әрқайсысымыздың қолымызда. Шаһарда бой көтерген нысандарға құрметпен, ұқыптылықпен қарау қажет. Осы тұрғыдан сенбіліктердің ұйымдастырылуы өте маңызды деп санаймын», - деді қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов.

Сондай-ақ өнер иелері экологиялық акцияға қолдау білдіріп, өзгелерді атсалысуға шақырды.

«Бүгін міне, мәдениет қызметкерлері сенбілікке қатысып, қаланың тазалығына атсалысып жатыр. Адамзаттың көктемде айналасын тазарту, бұлақтың көзін ашу, тал-теректің түбін қопсыту – бұрыннан қалыптасқан әрі қанға сінген дүние. Бұл дәстүрді ұмытпау керек. Мұндағы мақсат – табиғатқа құрметпен қарау әрі аялау, өскелең ұрпаққа көрсету. Жалпы әр азаматта Жер-Анаға деген үлкен махаббат болу керек. Оған күтіммен қарау қажет. Өйткені Жер-Ана сізге нәр беріп тұр. Ал айналаны күл-қоқысқа айналдыру адамшылыққа жатпайды. Ал осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпаққа табиғатты аялауды көрсету», - деді Нұрлан Өнербаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұл апта «Киелі мекен» деп аталады және тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған.
Елордада тұрғындарының белсенділігімен тазалық жүргізіліп, мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

«Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналады.

4 мамырға дейінгі кезең – «Өнегелі ұрпақ», ол ардагерлер тұратын аулаларды және қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

Соңғы, бесінші апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Бұл апталықта су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.