Астанада жастар қолдарындағы вейп пен темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастады

Астанада жастар қолдарындағы вейп пен темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастады

Елордада темекі шегудің таралуына қарсы «Нашақорлықты спортқа айырбаста» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Акция аясында елордалық спортшылар өтіп бара жатқандарға электронды темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынды. Іс-шара Сарыарқа ауданы әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

«Бүгінгі күні акция аясында біз темекі және вейп шегетін жастарға қолдарындағы зиянды заттарды бокс қолғабына, допқа, турникетке айырбастауды ұсынамыз. Осылайша, біз елордалықтарды салауатты өмір салтына шақыра отырып, қаламызға, табиғатымызға деген жақсы көзқарасқа тартамыз», - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Елордалық киокушинкай-кан каратэші Әлихан Асубаев та мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, жастарды спортпен айналысуға шақырды.

«Осы акция арқылы біз жастарға спортпен шұғылданып, денсаулықтарын күту керектігін көрсеткіміз келеді. Біз бірге оларды дұрыс жолға салғымыз келеді. Біздің әрекетіміз көпшілікке мотивация болады деп сенеміз», - деді Әлихан Асубаев.

Елорда мәслихатының депутаты, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Мағзұмның айтуынша, акцияның мақсаты жастар мен жасөспірімдерді кінәлау емес, зиянды әдеттерден бас тартуға шақыру.

«Қазір біз теріс тенденцияны байқап жүрміз. 25 жасқа дейінгі жастар арасында электронды темекінің кең таралуы байқалады. Бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан бүгінгі мақсатымыз – жаман әдеттерден арылу үшін бірігіп жұмыс істеу», - дейді Арсланбек Мағзұм.
Депутаттың айтуынша, мұндай шаралар бұған дейін де елордада болған.

«Бір ай бұрын атақты қазақстандық спортшы Василий Тахтаймен бірге осындай акция жүргізген болатынбыз. Алдағы уақытта мұндай шараларды жалғастырамыз. Оң нәтиже көріп отырмыз. Мысалы, жастар ұйымдарының кейбір белсенді жігіттері осындай акцияларды өткізді», - деп бөлісті Арсланбек Мағзұм.

Мәслихат депутаты акция барысында жиналған электронды құрылғылар мамандандырылған зауытта жойылатынын айтты.