Апатты үйлер, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері, әлеуметтік пәтерлер: Астана әкімі азаматтарды қабылдады

Апатты үйлер, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері, әлеуметтік пәтерлер: Астана әкімі азаматтарды қабылдады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында баспана мәселесі қалай шешіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

««AMANAT» партиясы елордалық филиалының базасында азаматтарды қабылдадым. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен тұрғын үй, тұрғын үй кешендерін жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, медициналық және әлеуметтік көмек, абаттандыру және т.б. мәселелер көтереді.

Тұрғын үй мәселесі бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Біріншісі – кезекте тұрғандарға әлеуметтік пәтер салу. Биыл 3 мың 300-ден астам әлеуметтік пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, апатты және ескі тұрғын үйлерді бұзу жұмысы жоспарлы түрде жүріп жатыр. Биыл тозығы жеткен тұрғын үйлерден 4 мың 200 тұрғынды көшіруді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері бар. 150-ден астам тұрғын үй кешенінен биыл 10-ы қалды. Олардың құрылысын осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, ресми танылған құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері бойынша мәселе жабылады.

Бұған қоса, әлеуметтік нысандар құрылысының көлемі ұлғайды. Биыл Оқушылар сарайын, мемлекеттік балабақшалар салуды бастаймыз. Мектептерге тоқталар болсақ, 2024-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 24 мектеп салынады. Сол сияқты өзге де мемлекеттік мектептер саламыз әрі жеке инвестициялар тартамыз.

Азаматтарды қабылдаулар барысында көтерілген мәселелерді назарда ұстаймыз», – деді Астана әкімі.