Астанада «Qazaqwa Quiz» интеллектуалды сайысы өтті

Астанада «Qazaqwa Quiz» интеллектуалды сайысы өтті

Астанада Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік және құрылымдық мекеме қызметшілерінің арасында «Qazaqwa Quiz» интеллектуалды сайысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сайыстың мақсаты – қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғылымы, өнері, әдеби мұраларын насихаттау, ұжыммен жұмыс жасау дағдыларын арттыру. Аталған сайысқа қатысуға 17 мекеме («Астана қаласы «Есіл» ауданы әкімінің аппараты» ММ, Астана қаласының Қаржы басқармасы, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, «Астана-Энергия» АҚ, «Астана аймақтық электр жүйелілік компаниясы» АҚ (2 топ), «Астана қалалық жарық» ЖШС, «Астана-Теплотранзит» АҚ, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, Астана қаласы әкімдігінің Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры, Мемлекет тарихы институты, Дарынды балаларға арналған «Astana English School № 81 гимназия мұғалімдері, № 94 мектеп-гимназия мұғалімдері және 3 құрама топ) қатысты.

Қатысушы топтар «Төртеу түгел болса», «Сөзжұмбақ», «Қара, тыңда, ойлан», «Байланыс» және «Бәсеке» турлары бойынша сынға түсті.

Нәтижесінде І орынды құрама топ «Алаш үміті», ІІ орынды Астана қаласы әкімдігінің Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ә. Мәмбетов мектебі» тобы, ІІІ орынды «Астана қалалық жарық» ЖШС «Елім-ай» тобы жеңіп алды.

Байқауға қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.