Төлемдер, санаторий, бос уақытты пайдалы өткізу: Астанада зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі

Төлемдер, санаторий, бос уақытты пайдалы өткізу: Астанада зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі

Астанада бүгінде 120 мыңнан астам қарт адам тұрады. Мемлекет оларға қандай әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп отырғанын елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Елордада жасы бойынша 106 807 зейнеткер, еңбек сіңірген жылдары бойынша 13 074 зейнеткер (күш құрылымдары), 8 ҰОС ардагері және 1427 тыл еңбеккері бар.

Астанада жасы бойынша зейнеткерлер санаторлық-курорттық емделуге жылына бір рет Катаркөл көлінің жағасындағы Щучье-Бурабай курорттық аймағында «Қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет көрсетіледі. Жасы бойынша зейнеткерлерге жолдама құнының 25% (56 700 теңге), зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнеткерлерге 18% немесе 40 824 теңге төленеді.

Соғыс ардагерлеріне, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдарға - тегін.

«Жыл сайын 3500-ден астам зейнеткер санаторлық-курорттық емдеумен қамтылады, жыл басынан бері 3 357 адам қызмет алды, 2023 жылға арналған жоспар - 4298. Биыл санаторлық-курорттық емделуге жазылу Оңалту орталығымен жүргізіледі», - деді спикер.

Сондай-ақ, 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай зейнеткерлерге жасы бойынша 2,5 АЕК - 8 625 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемдер төленеді.

Сонымен қатар, оларға екі жылда бір рет тіс протездеу, санация қызметтері көрсетіледі. Рәсімдерге жазылу есепті жылдың екінші тоқсаны ішінде жүргізіледі.

«Жергілікті (пешпен) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері (жалдаушылары) не меншік иесінің (жалдаушының) отбасы мүшелері болып саналатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған және жан басына шаққандағы орташа табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (213 240 теңге) аспайтын отбасылардың қатты отын сатып алуына әлеуметтік көмек көрсетіледі, өтемақы жылыту маусымына 16 айлық есептік көрсеткіш (55 200 тг) мөлшерінде жүргізіледі. Газ қазандығын жүргізуге және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу жүзеге асырылуда, бірақ 130 АЕК (448 500 теңге) мөлшерінен аспайды», - деді басқарма өкілі.

Егер коммуналдық қызметтерге ақы төлеу (нормалар шегінде) отбасының айлық жиынтық табысының 5%-ынан (төлемнің орташа сомасы айына 25 мың теңгеге дейін) асатын болса, тұрғын үй меншік иелері-зейнеткерлер елордада тұрғын үй көмегін ала алады.

Айта кету керек, барлық зейнеткер қалалық жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жол жүрумен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап елордада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

«Орталықтың негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі мәдени-демалыс шаралары үшін инфрақұрылым құру. Орталықта 27 түрлі бағытта үйірмелер, секциялар ұйымдастырылып, спорт залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлік сыныбымен жабдықталған, мәдени іс-шаралар (поэзия кештері, кітап тұсаукесері және т.б.) тұрақты өткізіліп тұрады. Мемлекеттік және ағылшын тілі курстары белсенді түрде өтуде. Орталық қызметтерін алушылардың үлкен қызығушылығын тудыратын компьютерлік сауаттылық курстары, эмоционалды босату кабинеті (сенсорлық кабинет), физиологиялық релаксация кабинеті ұйымдастырылады», - деді спикер.

Бүгінгі таңда орталықта 7500-ден астам зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Орталық филиалдары қаланың төрт ауданында орналасқан.

Сондай-ақ, қалада "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, ол егде жастағы адамдарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға сапалы күтім жасау бойынша толық қызмет көрсетеді.

Мүгедектігі бар адамдарға және зейнеткерлік жасқа толған, өз бетінше қызмет көрсетуге қабілетсіз және денсаулық жағдайы бойынша стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж қарт адамдарға әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.