Астанада футболдан 12 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр

Астанада футболдан 12 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр

Астанада 12 жасқа дейінгі спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында футболдан кезекті Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті, «Жеңіс» клубының бас директоры Ахмат Әміров, Қазақстан Республикасы футболының аға жаттықтырушысы Айдос Байтенов, Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті Руслан Кенетаев, Астана қаласы әкімдігінің №8 балалар-жасөспірімдер Олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Дінмұхаммед Құрамаев қатысты.

«Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ел чемпионатының арқасында тек футбол ойнап қана қоймай, өзге қаладан келген жас спортшылармен танысуға мүмкіндік аласыздар. Турнирде әділ ойын, шын мықты анықталады деп, сенемін», — деді Астана қаласының футбол федерациясының вице-президенті Руслан Кенетаев.

Үздік команда атағы үшін Қазақстанның 12 өңірінен: Астана, Шымкент, Алматы қалалары, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан 250-ден астам спортшы таласады.
Астана қаласы әкімдігінің №8 балалар-жасөспірімдер Олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Дінмұхаммед Құрамаев аталмыш турнирге өз бағасын берді:
«12 жасқа дейінгілер арасында ұйымдастырылып жатқан Қазақстан чемпионатың деңгейіне разымын. Жасөспірімдер арасында көп турнир болған сайын, шәкірттеріміздің деңгейі артатыны сөзсіз.
Маған ең ұнайтыны — 12 жасқа дейінгі футболшылар эмоцияға ерік беріп, шынайы ойнайды», – деді.

Турнир 17-25 тамыз аралығында «Жас Батыр» стадионында өтеді.