
Астанада кезекті вандализм фактісі анықталды. Бөгенбай батыр даңғылында жасөспірім аялдама павильонының әйнегін теуіп сындырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оның жеке басы анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтады. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке қойылды. Оның мінез-құлқы мен жасаған құқық бұзушылығы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда жеке қаралып, тиісті профилактикалық шаралар қабылданады.
Жасөспірімнің ата-анасы да оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қалалық мүлікке келтірілген залал кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінен толық көлемде өндіріп алынады.
Полиция вандализм және қалалық мүлікті бүлдіру фактілеріне қатысты принципті түрде шара қабылдауды жалғастырады.
Әрбір мұндай фактіге құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылады.