
Астанада дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Елорда тұрғындарына алғашқы болып Қызылорда және Атырау облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Енді әр демалыс сайын елорда тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкелерден отандық өндірушілердің жаңа әрі сапалы өнімдерін тікелей сатып ала алады.
Қызылорда және Атырау облыстарының аграршылары елордаға 600 тоннадан астам өнім әкелді. Жәрмеңкеде ет, балық, сүт және бакалея өнімдерінің кең ассортименті ұсынылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 260 тонна бақша дақылын, 220 тонна күріш, 65 тонна жаңа ауланған балық, 40 тонна ет пен ет өнімдерін, сондай-ақ 20 тоннадан астам басқа да өнім түрлерін жеткізді.
Сауда орындары «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында орналастырылды. Тұрғындар мен елорда қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін №18, 37 және 303 автобус бағыттарының қозғалысы ұйымдастырылды.
Шаруалар күріштің «Янтарь» және «Лидер» сынды түрлі сорттарын ұсынды.
Жәрмеңкеге келген тұрғындардың балық өнімдеріне қызығушылығы жоғары болды. Сауда сөрелерінен шортан, сазан, көксерке және басқа да балық түрлерін кездестіруге болады.
«Біз жыл сайын Қызылорда мен Атырау облыстары өз өнімдерін әкелетін осы жәрмеңкеге арнайы келеміз. Жас балықтар, таңдау да көп. Өнімді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік болғаны өте ыңғайлы», – деді елорда тұрғыны Нұрлан.
Ет өнімдері сатылатын қатарларда да қызу сауда жүрді. Тұрғындарға жаңа сойылған сиыр еті, жылқы еті және түрлі ет өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар жәрмеңкеде дәстүрлі ұлттық сусындар мен өнімдер – қымыз, шұбат, бал, үйдің құрт-майы және танымал Қазалы кәмпиттері сатылымға қойылды.
«Таңертеңнен ет пен қымыз алуға келдім. Таңдау көп, өнімдер де жаңа. Немерелеріме Қазалының кәмпиттері мен үйдің құртын да міндетті түрде алдым. Бұл – біздің отбасымыздағы дәстүрге айналған», – деді Әлия есімді астаналық.
Көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерінің де түрі көп болды. Сауда сөрелерінен қарбыз, қауын, асқабақ, қара өрік, таңқурай және басқа да маусымдық өнімдерді сатып алуға мүмкіндік болды.
Жәрмеңкеге келушілер мен қатысушылар үшін фуд-зона да ұйымдастырылды. Онда Қызылорданың күрішінен дайындалған ыстық палау, кәуап және басқа да тағамдар ұсынылды.
Айта кетейік, елордада күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы ел өңірлеріндегі тауар өндірушілердің қатысуымен жалғасын табады.