Ескі құрылыстардың орнына жасыл аймақ: «Астаналық» («Артем») сауда үйінің маңындағы аумақ қалай өзгерді

Ескі құрылыстардың орнына жасыл аймақ: «Астаналық» («Артем») сауда үйінің маңындағы аумақ қалай өзгерді

Астанада қалалық ортаны абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Биыл елордада 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала тұрғындарына жақсы таныс базар мен «Астаналық» («Артем») сауда үйінің маңында да елеулі өзгерістер болды. Бұл – елорда тұрғындары көп жиналатын орындардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндағы аумақ мүлде басқаша көрінетін: ескі бір қабатты құрылыстар, жасыл желек аз және тұрғындарға жайлы демалыс орны іс жүзінде болмаған.

Бүгінде ескі құрылыстардың орнына жайлы қоғамдық кеңістік ашылды. Құрылыс нысандары бұзылғаннан кейін аумағы көгалдандырылды. Мұнда ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен демалыс орындары абаттандырылды.

Бүгінде «Астаналық» («Артем») маңындағы аумақ сауда нысандары мен көшелер арасындағы бос кеңістік қана емес, көгалдандырылып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалған абаттандырылған қоғамдық орынға айналды.
Мұндай жобалар елорданың келбетін біртіндеп өзгертіп, бұрын пайдаланылмаған немесе тұрғындар үшін қолайсыз болған аумақтарды қайта жандандырып келеді.

Абаттандыру жұмыстары барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы бағыттар қалыптастыруға және тұрғындардың қала ішінде жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орындар құруға ерекше мән беріледі.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырған болатын. Абаттандыру жұмыстары елорданың барлық алты ауданында жүргізілуде. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.