
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлескен Қазақстан Республикасының Конституциясын насихаттауға арналған семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Семинар барысында Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ елдегі құқықтық реформалардың негізгі бағыттары талқыланды. Қатысушылар спикерлердің баяндамаларын тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«2026 жылғы Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі қағидаттарын, атап айтқанда, унитарлық құрылымды, президенттік басқару нысанын, мемлекеттің зайырлы, құқықтық және әлеуметтік сипатын сақтап қалады. Сонымен қатар, ол заң шығару билігіне түбегейлі өзгерістер енгізеді: екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Жаңа Конституция вице-президент институтын енгізіп, президенттік биліктің сабақтастығы тәртібін өзгертеді, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарының жүйесін жаңғыртып, цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауды конституциялық деңгейде бекітеді. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдардың шешімдерінің орындалуын бағалауда Конституциялық Соттың рөлін күшейту арқылы конституционализмнің егемендікке негізделген моделін нығайтады», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Ғабдулина.
Іс-шара студенттер мен оқытушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай маңызды іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыра береді.