
Қырғызстанның Ыстықкөл қаласында пара армрестлингтен Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық біріншілікке Азияның 21 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен астаналық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 15 медаль салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана спортшылары чемпионатта 10 алтын және 5 күміс медаль жеңіп алды.
Біріншіліктің басты қаһармандары – елордалық пара спортшылар Ербол Ескенов, Бекзат Бүркітов және Асхат Қабылов. Олардың әрқайсысы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, команда қоржынына екі алтын медальдан салды.
Ербол Ескенов 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, сол және оң қолмен күресте чемпион атанды.
Бекзат Бүркітов (65 келіден жоғары) те сол және оң қолмен күресте жеңіске жетіп, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Осындай жетістікке Асхат Қабылов (80 келі) та қол жеткізіп, екі дисциплинада да алтын медаль иеленді.
Қазақстан құрамасына тағы бір алтын жүлдені Есенгелді Мәкенай (80 келі) сыйлады. Ол оң қолмен күресте үздік атанды.
Насыр Махамбетов (90 келі) те сәтті өнер көрсетіп, сол қолмен күресте алтын, ал оң қолмен күресте күміс медаль жеңіп алды.
Нұрлан Балтабай (70 келі) сол қолмен күресте алтын, оң қолмен күресте күміс жүлдеге ие болса, Сергей Антропов (75 келі) дәл осындай нәтижеге қол жеткізді.
Жастар арасында астаналық пара спортшы Арыслан Әбдеханов (55 келі) сол және оң қолмен күресте күміс жүлдегер атанды.
Команданың жаттықтырушысы Заир Ахмедовтың айтуынша, әр спортшы жарысқа үлкен жауапкершілікпен және жеңіске деген жігермен келген.
«Спортшыларымыз ауқымды жұмыс атқарып, халықаралық аренада жоғары деңгейде бәсекелесе алатынын дәлелдеді. Бұл медальдар – олардың табандылығының, тәртібінің және күнделікті еңбегінің жемісі», – деді жаттықтырушы.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, құрлықтағы ең мықты командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.