
Астанада зейнеткерлерге арналған жазғы маусымның ашылуына орай «Жадыраған жаз» атты концерт өтті. Іс-шара аясында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен акцияны елорданың Есіл ауданы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен және Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынға 100-ден астам адам қатысты.
Акцияның мақсаты – аға буын өкілдеріне интернет-алаяқтардан қорғану жолдарын түсіндіру.
«Концертке дейін және одан кейін зейнеткерлермен интернет-алаяқтардың құрбаны болмау жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Сондай-ақ қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылды», – деді Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасы басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова.
Оның айтуынша, егде жастағы адамдар алаяқтардың арбауына жиі ұшырайды. Сондықтан аға буынның қаржылық сауаттылығын арттырып, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін танып-білуге үйрету маңызды.
Таратылған жадынамаларда алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлері – өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратындардың қоңыраулары, мессенджерлердегі жалған хабарламалар, фишингтік сайттар, сондай-ақ қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуға байланысты схемалар туралы толық ақпарат берілген.
«Жақында маған біреу қоңырау шалып, өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырды. Маған қандай да бір әлеуметтік төлем тиесілі екенін айтып, оны алу үшін сілтеме арқылы өтуді ұсынды. Сол кезде қасымда немерем болды. Ол әңгімені дереу тоқтатуымды айтты. Кейін бұл нөмірді бұғаттап, қазіргі алаяқтардың қалай әрекет ететінін түсіндіріп берді. Егер немерем мұны білмегенде, қиын жағдайға тап болар едім. Сондықтан мұндай қылмыстық схемалар туралы баршаға айтып жүрген маңызды», – деді акцияға қатысушылардың бірі Мария Иванова.
Еске салайық, зейнеткерлердің қоғаммен араласуын арттыру, денсаулығын жақсарту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жетісу» саябағында ретро-бил кештері өткізіліп келеді. Бұл бастама екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.
Би кештерінде зейнеткерлер өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынып, сондай-ақ би ұжымдары мен жеке орындаушылар өнер көрсетеді.