Астанада инклюзивті «Мұз үстіндегі көңілді старттар» өтті

Астанада инклюзивті «Мұз үстіндегі көңілді старттар» өтті

Елордадағы «Тарлан» мұз кешенінде Балаларды қорғау күніне орай «Мұз үстіндегі көңілді старттар» атты спорттық жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған. Оның мақсаты – белсенді өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттау және инклюзивті спорттық ортаны дамыту.

Мерекелік бағдарлама аясында мұз үстіндегі командалық эстафеталар, спорттық байқаулар, ойын-сауық ойындары және қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Балалар ұйымшылдықты, жеңіске деген ұмтылысты және нағыз командалық бірлікті көрсете білді.

«Паралимпиадалық жаттығу орталығы» қоғамдық қорының директоры Абдусаид Назаровтың айтуынша, мұндай іс-шаралар балаларға спортпен шұғылданып қана қоймай, әлеуметтенуге, қабілеттерін ашуға және өзіне деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

«Мұндай іс-шараларды өткізудің ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуы үшін маңызы зор. Бұл – қарым-қатынас жасауға, белсенді демалуға және денсаулықты нығайтуға мүмкіндік. Біз «Көңілді старттарды» жыл сайын өткіземіз, әрі қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл отбасылар тарапынан сұраныстың жоғары екенін және осындай жобаларды одан әрі дамыту қажеттігін көрсетеді», – деді Абдусаид Назаров.

Оның сөзінше, бүгінде «Тарлан» мұз кешенінде ерекше қажеттілігі бар шамамен 950 бала тұрақты түрде жаттығады. Сонымен қатар дәл осы жерде 2024 жылы алғаш рет балаларға арналған парахоккей командасы құрылған. Бұл балаларға спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысу үшін жаңа мүмкіндік ашты.

Іс-шара соңында қатысушыларға медаль, диплом, спорттық сыйлықтар мен тәттілер табысталды.