Туристер саны артты: елордада қауіпсіздік шаралары қалай іске асуда

Туристер саны артты: елордада қауіпсіздік шаралары қалай іске асуда

Астанада туристердің қауіпсіздігі мен ақпараттандыру жүйесі күшейтіліп, қала қонақтарына жан-жақты қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында туристік полиция мен «Astana Tourism» орталығы бірлесіп жұмыс істеуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Біз арнайы жадынамалар дайындадық. Оларды Нұржол бульварында орналасқан «Бәйтерек» монументіндегі, сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының халықаралық терминалындағы туристік ақпараттық орталықтардан алуға болады», – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы департаментінің директоры Базарбек Қамысбаев.

Оның айтуынша, туристік ақпараттық орталықтарда келушілерге елорда туралы қажетті мәліметтер беріліп, олардың бағыт-бағдар алуына көмектеседі.

Әуежайдағы туристік ақпараттық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Ал «Бәйтерек» монументі ішіндегі орталық күн сайын 10:00-ден 21:00-ге дейін туристерге қызмет көрсетеді.

Мамандар үш тілде кеңес беріп, қала қонақтарының кез келген сұрағына жауап береді.

Орталық қызметкері Әсел Аспандиярдың айтуынша, туристер саны әсіресе жаз мезгілінде айтарлықтай артады.

«Қазір бізге күніне шамамен 15-20 турист жүгінеді. Олар қаланың көрікті жерлері, бағыттар мен көлік қатынасы туралы жиі сұрайды. Шетелдік қонақтар да, еліміздің өзге өңірлерінен келушілер де көп», – деді ол.

Туристердің қауіпсіздігіне туристік полиция да жауап береді. Астана қаласы Полиция департаментінің туристік полиция қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Құлпынай Тәңірберген шетелдік қонақтарға да, жергілікті туристерге де жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Біз туристердің қауіпсіздігін қадағалаймыз. Егер заң бұзушылықтар орын алса, тиісті қызметтерге хабарлаймыз. Шетел азаматтарына бірнеше тілде қызмет көрсетеміз. Жұмысымыз 12 сағаттық ауысыммен ұйымдастырылған», – деді полиция капитаны.

Осылайша, елордада туристерге арналған ақпараттық қолдау мен қауіпсіздік жүйесі қатар дамып, Астананың қонақжай қала ретіндегі мәртебесін күшейтіп отыр.