«Заң мен тәртіп»: Астанадағы балабақшада әдістемелік-тәрбиелік іс-шара өтті

«Заң мен тәртіп»: Астанадағы балабақшада әдістемелік-тәрбиелік іс-шара өтті

Астанадағы №49 «Алтынай» балабақшасының базасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Әр ойыншықтың өз орны бар» атты әдістемелік-тәрбиелік іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

16-22 сәуір аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұйымдастырылған бастама балалардың бойында жауапкершілік, ұқыптылық және қоғамдық тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруды мақсат етеді.

Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған. Жоба аясында №49 «Алтынай» балабақшасының педагогтері мен тәрбиеленушілері бірлесіп, топтағы мінез-құлық ережелерін түсіндіретін арнайы көрнекіліктер әзірлеп, оны тәрбие үдерісіне енгізді.

Педагогтердің айтуынша, мектепке дейінгі жастағы балалар қоршаған ортаны ең алдымен көрнекі бейнелер арқылы қабылдайды. Осыған байланысты топ ішіндегі әрбір зат пен ойыншықтың нақты орнын білдіретін символдар мен белгілер дайындалған. Бұл тәсіл тек жинақылықты емес, сонымен қатар баланың өз әрекетіне жауап беруін, еңбекті бағалауын және ортақ ережелерді құрметтеуін көздейді.

Жоба авторларының пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидатының құндылықтарын ерте жастан сіңіру – болашақта құқықтық мәдениеті жоғары, саналы әрі жауапты азамат тәрбиелеудің тиімді жолы.

#законипорядок #заңментәртіп